Жаңалықтар

«Өкінемін»: Маңғыстау облысының әкімі некесіз туған ұлына қатысты пікір білдірді

Әкім қанша көлемде алимент төлеп отырғанын айта алмады/фото: shutterstock

Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай некеден тыс туған баласына қатысты пікір білдірді. Сөзінше, заңға сәйкес алимент төлеп отыр, алайда ұлымен араласпайтын көрінеді.

«Бұл менің жеке өмірім. Желіде ақпарат «сот ДНҚ арқылы баласы деп тануды міндеттеді» деп тарады. Бұл шындыққа жанаспайды. «Сот менің өтінішімді қанағаттандырды» деп айтқан дұрыс болады. Себебі 2021 жылы туған баланы ұлым деп тану үшін сотқа өзім жүгіндім. Қазір заңға сәйкес алимент төлеп отырмын», – дейді облыс әкімі.

Алайда қанша көлемде алимент төлеп отырғанын айта алмады.

«Жалақымның 20%-ы көлемінде төленеді. Оны бухгалтериядан сұрау керек.

Осындай жағдай болды. Өкінемін. Менің бір кездері жасаған қателігім. Уақытты кері қайтара алмаймыз», – дейді Қилыбай.

Бұған дейін Нұрдаулет Қилыбай облыс мәслихатының бұрынғы депутаты Ынташ Наурызованың ұлының әкесі деп танылды.