
Zhongyong International компаниясы Ақтауда жаңа теңіз портын 2026 жылы сала бастайды. Қазірдің өзінде жер телімі белгіленіп, оны рәсімдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай брифинг барысында мәлімдеді.
Қытайдың Zhongyong International компаниялар тобымен келіссөздер бір жылға созылған. Осының нәтижесінде 2026 жылы жаңа теңіз портының құрылысы басталмақ.
Әкімнің айтуынша, аталған компания әлемдегі ең ірі порттардың бірі – Тяньцзинь портының иесі. Жобаның алғашқы кезеңінің құны – 300 млн доллар.
«Қазіргі уақытта жер телімі белгіленіп, оны рәсімдеу жұмыстары жүріп жатыр. Инвестициялық келісімшарт жасасуға қажетті құжаттар дайындалды. Құрылыс жұмыстарын 2026 жылдың екінші тоқсанында бастау жоспарланып отыр», – деді әкім.
Өңір басшысы бұл жоба Қытайдан Еуропаға Ақтау, Баку және Поти порттары арқылы өтетін көлік дәлізін қалыптастыруға ықпал етуге тиіс екеніне тоқталды.
Сонымен қатар грузиндік Georgian Industrial Group компаниясы Құрық пен Әліят (Әзербайжан) порттары арасында тұрақты теңіз паром қатынасын жолға қою мақсатында алты паром сатып алу жобасын ұсынған. Жоба аясында алғашқы екі паромды 2026 жылдың бірінші жартысында іске қосу жоспарланып отыр.
Еске салайық, ЕуроОдақ Ақтау портының айлағын жаңартуға 10 млн еуро бөледі. Сонымен қатар Еуропалық қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) 35 млн еуро мөлшерінде несие бермек.