
Алматы қаласының тұрғындары мен қонақтары осы аптада үш күнге созылатын жәрмеңкелерден мыңнан аса өнім сатып ала алады. Бұл туралы Kursiv.Media мегаполис әкімдігінің мәліметіне сүйене отырып хабарлады.
Жаңа жыл қарсаңында Әуезов және Бостандық аудандарындағы жәрмеңке жұма, сенбі және жексенбі күндері өтеді. Қалған аудандардағы сауда екі күнге созылады. Ол таңертең сағат 9-дан кешкі 18-ге дейін жұмыс істейді.
Тұрғындар көкөніс пен жеміс-жидектер, ет және сүт өнімдері, сонымен бірге әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын арзан бағамын сатып ала алады. Жәрмеңкеге барлығы 1 мыңнан аса өнім қойылады.
Жәрмеңке өтетін орындар:
- Әуезов ауданы — Өтеген батыр көшесі (Абай даңғылынан төмен);
- Бостандық ауданы — «Қазақфильм» шағынауданы (әл-Фараби даңғылынан жоғары);
- Алмалы ауданы — Масанчи көшесі (Әйтеке би мен Гоголь көшелерінің арасы);
- Алмалы ауданы — Жамбыл мен Әуезов көшелерінің қиылысы;
- Медеу ауданы — Меңдіқұлов бульвары — Бектұров көшесі;
- Жетісу ауданы — Құлагер шағынауданы, Серіков көшесі, 2.
Апта сайын демалыс күндері өтетін жәрмеңкелерге шамамен 50 мың адам келеді. Онда 328 фермер мен ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші өнімін ұсынады. Әкімдік мәліметінше, жыл басынан бері жәрмеңкелер арқылы 9 мың тонна азық-түлік өнімі сатылған.
Ал Астана қаласындағы «Соғым-FEST» мерекелік жаңа жылдық жәрмеңкесі алты күнге созылады. Ол 26-31 желтоқсан аралығында өтеді.