Жаңалықтар

Тәжік-ауған шекарасында атыс болып, бес адам оққа ұшты

Тәжікстан мен Ауғанстан шекарасы
Шекарадағы жалғыз үй / фото: shutterstock

Тәжікстан мен Ауғанстан шекарасында қарулы қақтығыс болып, соның салдарынан екі тәжік сарбазы мен үш ауған азаматы оққа ұшты. Бұл туралы Тәжікстан Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеті Шекара қызметінің баспасөз қызметі хабарлады.

Оқиға бір тәулік бұрын болған, бірақ арнайы қызмет ресми мәліметті бүгін ғана жариялап отыр. Онда терроршыл ұйымның үш содыры 23 желтоқсанда сағат 23:30-да Ауғанстаннан Тәжістан аумағына заңсыз өткені айтылған. Тәжік шекарашылары олардың қайда екенін 24 желтоқсанда сағат 11:15-те анықтаған.

«Содырлар тәжік шекарашыларының талаптарына көнбей, қарулы қарсылық көрсетті. Олар шекара бекіністерінің біріне шабуыл жасауды көздеді», – деп таратты арнайы қызмет.

Әскери операция барысында үш содырдың көзі жойылған. Олардың қаруы тәркіленген. Дегенмен атыс кезінде екі тәжік сарбазы оққа ұшқан. Шекара қызметі марқұмдардың аты-жөнін жариялады: Зирехбон Наурызбеков пен Исматулло Құрбонов.

Арнайы қызмет кейінгі бір айда осымен үшінші мәрте тәжік-ауған шекарасында қарулы қақтығыс болғанын атап өтті.

«Осының бәрі «Талибан» үкіметінің халықаралық міндетін дұрыс орындай алмай отырғанын көрсетеді», – деп айыптады Душанбе.

Шекара қызметі көрші елдің үкіметінен Тәжікстан халқынан кешірім сұрауды, ауған-тәжік шекарасында қауіпсіздік шарасын күшейтуді талап етті.

Қазір екі ел арасындағы мемлекеттік шекарада жағдай тыныш. Тәжік жағы оқиғаны тексеріп жатыр.