
Қазақстанда ақылы жолдармен жүру тәртібі өзгереді. Көлік министрлігі хабарлауынша, жаңа ережелер жүргізушілерге төлем жасау мерзімін ұзартып, заңды тұлғалар үшін бөлек тәртіп енгізеді.
Қолданыстағы ереже
Бұған дейін жолақысын төлемеген жағдайда, сегізінші күннен бастап бұл әрекет әкімшілік құқықбұзушылық ретінде тіркелетін. Жеті күн ішінде төлем жасалмаса, материалдар көлік бақылау органдарына жолданатын.
Жаңа ереже
Жаңа ережеге сәйкес, жолақыны өз еркімен төлеу мерзімі 30 күнтізбелік күнге дейін ұзартылады. Әкімшілік шаралар тек 31-күннен бастап қолданылатын болады.
Заңды тұлғаларға арналған жеке тәртіп
Заңды тұлғалар үшін арнайы төлем тәртібі енгізіледі. Егер компания есепті айдан кейінгі айдың 20-сына дейін жолақыны төлемесе, келесі күні-ақ материалдар көлік бақылау органдарына жолданады. Бұған дейін жеке және заңды тұлғалар үшін мұндай айырмашылық болмаған.
Жол жүру құны
Ақылы жолдардағы тарифтер жыл сайын белгіленеді және айлық есептік көрсеткішке (АЕК) байланысты. Төлем онлайн түрде жүргізіледі.
Жеңіл автокөліктер үшін жолақы 80-нен 600 теңгеге дейін учаскенің ұзақтығына қарай өзгереді. Мысалы, Щучинск – Көкшетау сияқты қысқа бағыттар арзанырақ, ал Шымкент –Қызылорда сияқты ұзын трассалар қымбатырақ болады.
Кейбір жол учаскелері жеңіл көліктер үшін әлі де тегін, алайда автобустар мен жүк көліктері бекітілген тариф бойынша төлеуі тиіс.
Төлемді уақытында жасамағандарға қандай айыппұл қарастырылған
Егер жүргізуші белгіленген мерзімде жолақыны төлемесе, әкімшілік айыппұл салынады:
- жеке тұлғалар үшін – 5 АЕК
(2025 жылы – 19 660 теңге, 2026 жылы – 21 625 теңге); - заңды тұлғалар үшін – 10 АЕК
(2025 жылы –39 320 теңге, 2026 жылы – 43 250 теңге).
Бұл өзгерістер ақылы жолдардағы төлем тәртібін жеңілдетіп, әкімшілік құқықбұзушылықтар санын азайтуға бағытталған.