Жаңалықтар

Сыртқы істер министрі Көшербаев Украина елшісі Майконы қабылдады

Сыртқы істер министрі Көшербаев Украина елшісі Майко
фото: gov.kz

24 желтоқсанда сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Украинаның Қазақстандағы елшісі Виктор Майконы қабылдады. Ресми мәліметті СІМ таратты.

«Сұхбаттастар екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылап, өзара қызығушылық тудыратын бірқатар халықаралық және өңірлік тақырыптар бойынша пікір алмасты».

Кездесу қорытындысы бойынша Астана мен Киев арасында саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы сындарлы диалогты тереңдетуге дайындық расталды, делінген шағын ғана ресми мәліметте.

Бір күн бұрын Украина Орынбордағы газ өңдеу зауытына дрондармен шабуыл жасағаны мәлім болды. Зауытта негізінен Қарашығанақта өндірілген шикі газ өңделеді. Дегенмен СІМ таратқан ақпаратта дрондар шабуылы туралы ештеңе айтылмады.

Бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ президенті Дональд Трамппен Украина туралы сөйлескен. Сол кезде мемлекет басшысы қақтығысты шешу үшін Қазақстан келіссөз алаңын ұсынуға дайын екенін мәлімдеген.