
Мемлекетке ірі көлемде шығын келтірді деген күдікпен халықаралық іздеуде жүрген Қазақстан азаматы Грузияда ұсталып, елге экстрадицияланды. Бұл туралы Бас прокуратура мен Қаржы мониторингі агенттігі хабарлады.
Тергеу дерегінше, күдікті 2023–2024 жылдары Алматы қаласында коммерциялық құрылымды басқарған кезінде алдын ала сөз байласуы арқылы жалған шот-фактуралар жазу схемасын ұйымдастырған. Нақты жұмыстар орындалмағанымен, құжат жүзінде көрсетіліп, соның салдарынан мемлекетке шамамен 1,3 млрд теңге көлемінде салық төленбеген.
Қылмыс әшкереленгеннен кейін күдікті жасырынып, оған халықаралық іздеу жарияланған. 2025 жылдың қыркүйегінде ол Грузия аумағында ұсталып, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұрауы бойынша отанына экстрадицияланды.
Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оған тағылған айып бойынша мүлкі тәркіленіп, 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Айта кету керек, осы қылмысқа қатысы бар сыбайластардың бірі 2025 жылдың сәуір айында сот үкімімен бас бостандығынан айырылған.
Бұған дейін Экс-судья Айгүл Сайлыбаеваның күйеуі Мәскеуде ұсталған.