Жаңалықтар

Әр мектепке бір мобилограф – жаңа вакансия ашыла ма

Фото: shutterstock

Мектептерде SMM-маман немесе мобилограф секілді жеке вакансия ашу мәселесі қарастырылуы мүмкін бе? Бұл сұрақты Kursiv.Media тілшісі Оқу-ағарту вице-министрі Майра Мелдебековаға қойды.

Kursiv.Media тілшісі әлеуметтік желілерде мұғалімдерге мектептегі түрлі іс-шаралар бойынша фото және видео есепті мектеп парақшаларына жүктеу міндеттелетіні, соның салдарынан педагогтердің қосымша SMM мен мобилографтың қызметін қатар атқарып жүргенін атап өтті. Осыған байланысты мектептерде арнайы мамандарға арналған жеке штат енгізу жоспары бар-жоғы сұралды.

Вице-министрдің айтуынша, мұғалімдерге өз функциясына жатпайтын жұмыстарды жүктеуге заң жүзінде тыйым салынған. Сөзінше, мектептерде SMM немесе мобилограф мамандарын жеке штат ретінде ұстау тиімсіз.

«Министрліктің бұл мәселеге қатысты арнайы бұйрығы бар. Мұғалімдерге әлеуметтік желіге есеп жариялау бойынша міндет жүктелмеген. Бізге де мұндай шағымдар түсіп жатады. Сынып жетекшілері аптасына бір рет өтетін сынып сағатын әлеуметтік желіге салуға міндетті емес. Сонымен қатар смм, мобилограф мамандар тиімсіз деп есептеймін. Кейбір мектептерде 2-3 мың оқушы білім алады. Онда 70-80 сынып жиынтығы бар. Мұндай жағдайда әр мектепке жеке контент маманын бекіту тиімсіз», – деді Майра Мелдебекова.

Вице-министрдің сөзінше, әрбір мектепте сайттар мен түрлі цифрлық платформаларды сүйемелдейтін жауапты қызметкерлер болады. Олар мектептің мүмкіндігі мен талаптарына қарай ақпараттық жұмысты ұйымдастырады.