
«Қазақмыс» мыс өндіруші компаниясының жаңа иесі ресми түрде Qazaq Stroy көп салалы тобы болды, оның бенефициары Нұрлан Артықбаев.
CMN.KZ басылымының хабарлауынша, мәміленің аяқталуы туралы ақпаратты Qazaq Stroy растады.
Құжатқа «Қазақмыс» президенті Владимир Ким мен директорлар кеңесінің төрағасы Эдуард Огайдың бірлескен шешімі бойынша қол қойылды. Нәтижесінде, жоспарланғандай, мәміле жыл соңына дейін аяқталды.
Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылғы қарашаның аяғында Qazaq Stroy құрылыс компаниясының қожайыны, кәсіпкер Нұрлан Артықбаевтың «Қазақмысты» сатып алу үшін келіссөз жүргізіп жатқаны хабарланған.
«Қазақмыс» корпорациясының негізгі акционері – Владимир Ким. Ол Kazakhmys Holding Limited компаниясының 70% акциясына ие. Ал Эдуард Огай құнды қағаздардың 30%-ын ұстап отыр. Екеуі холдинг арқылы «Kazakhmys Copper» мен «Kazakhmys Coal» компанияларына да ие.
Владимир Ким Қазақстанның ең бай адамдары тізімінде үшінші орында тұр. Forbes оның дәулетін 5,7 млрд долларға бағалаған.
Нұрлан Артықбаев – Qazaq Stroy компаниялар тобының негізін қалаушы және көп үлесінің иесі. Қазақстанның ең бай 75 бизнесменінің тізімінде 44-ші орында тұр, оның байлығы 2025 жылдың мамырына 228 млн долларға бағаланған. Оған «Қазақтелекомның» 9,84 % тиесілі (Telecom Systems Ltd арқылы.). 2025 жылдың қараша айының ортасында кәсіпкер «Ақтөбе» футбол клубының инвесторы болды.