
Желтоқсан айында Қазақстан мұнай секторы бірден бірнеше қысымға тап болды. Reuters агенттігінің деректеріне сәйкес, елдегі мұнай және газ конденсатын өндіру көлемі 6%-ға төмендеп, тәулігіне 1,93 млн баррельді құрады. Негізгі соққы елдің ең ірі кен орны – Теңізге тиді.
Chevron басқаратын Теңіз кен орнында өндіріс көлемі аталған кезеңде 10%-ға қысқарып, тәулігіне 719,8 мың баррельге дейін төмендеген.
Қарашаның 29-ы күні Украина дроны Ресейдің Қара теңіздегі Каспий құбыр консорциумы (КҚК) теңіз терминалына соққы жасап, экспорттық инфрақұрылымға зақым келтірген.
КҚК арқылы Қазақстан мұнайының 80%-ы экспортталады. Сондықтан терминалдағы кез келген іркіліс өндіріс көлеміне тікелей әсер етеді: мұнайды сыртқа шығара алмаған жағдайда, кен орындары өндіруді қысқартуға мәжбүр.
Экспорт азайып кетті
Reuters дерегі бойынша, желтоқсан айында Қазақстанның КҚК арқылы экспорттайтын CPC Blend мұнайы 19%-ға төмендеп, тәулігіне 1,082 млн баррельді ғана құраған. Бұл – соңғы 14 айдағы ең төменгі көрсеткіш.
Қазіргі таңда КТК терминалы бір ғана айлақ – SPM-1 арқылы жұмыс істеп тұр. SPM-2 дрон шабуылынан кейін істен шықса, SPM-3 қарашаның ортасынан бері жоспарлы жөндеуде, ал қолайсыз ауа райы жөндеу жұмыстарын созып жіберген. Әдетте үш айлақтың екеуі қатар пайдаланылатын, үшіншісі резервте тұратын.
Мұнайды тиеу қарқынының төмендеуі резервуарлардың тез толуына әкеліп, терминал уақытша мұнай қабылдауды тоқтатуға мәжбүр болған.
Балама бағыттар бар, бірақ толық шешім емес
Экспорттағы іркілісті азайту үшін Қазақстан мұнайының бір бөлігі Баку – Тбилиси – Джейхан бағытына қайта бағдарланған. Сонымен қатар, Атырау – Самара құбыры арқылы Ресейге жеткізілетін көлем де артқан: желтоқсанда бұл бағыттағы тасымал 25%-ға өсіп, таулігіне 255,5 мың баррельге жеткен. Бұл маршрут Германияға баратын экспорт тізбегінің бір бөлігі саналады.
Алайда бұл бағыттар КТК-ның қуатын толық алмастыра алмайды. Сондықтан логистикалық шектеу сақталып отыр.
Өндірістің одан әрі қысқару қаупі
Reuters мәліметінше, резервуарлардың толуына байланысты Қарашығанақ жобасы да өндірісті айтарлықтай шектеуге мәжбүр болған. Басқа ірі өндірушілер үшін де дәл осындай қауіп туындап отыр. Бұған қоса, 30–31 желтоқсанда Новороссийск маңында күшті дауыл болуы мүмкін, бұл танкерлерге мұнай тиеуді одан әрі қиындатуы мүмкін.
Осылайша, мәселе тек бір кен орны немесе бір терминалмен шектелмей, тұтас экспорттық тізбекті қамтып отыр.
Бюджетке түсетін қаржы азаяды
Мұнай өндірісінің 6%-ға, ал экспорттың 19%-ға қысқаруы – мұнай кірістеріне тәуелді экономика үшін елеулі сигнал. Бұған әлемдік мұнай бағасының әлсіреуі мен теңгенің нығаюы қосылса, бюджеттің кіріс бөлігіне қысым арта түседі.
Бұл ахуал 2026 жылға Қазақстан экономикасы үшін оң бастама деуге келмейді. Қалыптасқан жағдай елдің мұнай экспорты бір ғана бағытқа шамадан тыс тәуелді екенін тағы да айқын көрсетіп отыр. Логистикалық тәуекелдер геосаяси факторлармен қабаттасқан кезде, олардың салдары өндіріс пен бюджетке бірден сезіледі.
Энергетика министрлігі құбырға шабуыл салдарынан Қазақстан 100 млн доллардан айырылды деп мәлімдеген.