Жаңалықтар

2025 жылы жекеменшік мектептерге бюджеттен 74 млрд теңге бөлінген

Мемлекет жекеменшік мектептерге қанша қаржы бөлді / коллаж: Kursiv.Media, бильд-редактор Милош Муратовский

2025 жылы жекеменшік мектептерге бюджеттен шамамен 74 млрд теңге бөлінді. Қаржы министрлігі бұл қаражат, ең алдымен, оқу жылының басында жиналып қалған қарызды толық өтеуге жұмсалғанын хабарлады. Бұл – биылдыққа жоспарлаған қаржының 94 пайызы.

Бұдан бөлек, жекеменшік мектептердің ғимараттарын жөндеу және жаңа мектептер салу үшін арнайы қаражат қарастырылған.

Қаражатты бөлу үшін OrtaBilim атты жаңа цифрлы сервис іске қосылды. Бұл жүйе Қазақстанның барлық өңірін қамтиды және қай мектепке қанша қаражат бөлінгенін ашық көрсетуге мүмкіндік береді. 30 желтоқсандағы мәліметке сәйкес, қаржыны ең көп игерген өңірлердің қатарында Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Қарағанды облыстары бар. Ал Қызылорда облысында жекеменшік мектептерге бөлінген қаржы көлемі ең төмен болып отыр.

OrtaBilim сервисі жекеменшік мектептерді қаржыландыру барысында анықталған кемшіліктерден кейін енгізілді. Бұған дейін кейбір мектептер талапқа сай келмейтін ғимараттарда жұмыс істеп, кей жағдайларда қағаз жүзінде ғана тіркелген қызметкерлер мен бір оқушының бірнеше мектепте есепте тұру фактілері анықталған.

Бұған дейін бірқатар жекеменшік мектеп бюджеттен түсетін қаржы кешігіп жатқанын мәлімдеген.

Қазақстанда 900-ге жуық жекеменшік білім беру мекемесі бар. Жекеменшік білім беру ұйымдарының республикалық қауымдастығының мәліметінше, солардың 300-ден астамы ата-ана ақшасынсыз, үкімет тапсырысымен ғана жұмыс істеп келеді.

Биліктің әр оқушы балаға бөлетін ақысы 2024 жылдың аяғында қайта-қайта кешіге бастады. Ал биыл жеке мектеп ақысын төлеуді жергілікті бюджетке тапсырғалы, жағдай тіпті қиындап кетті.