Жаңалықтар

Ақтөбе облысында 42 млрд теңгеге жаңа зауыт салынады

Ақтөбеде жаңа зауыт салынады / Фото: kursiv.media архиві

Ақтөбе облысында алкогольсіз сусындар шығаратын жаңа зауыт салынады. Үкімет инвестициялар туралы келісімнің жобасын мақұлдап, тиісті қаулыға ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов қол қойды.

Жоба инвесторы – «Кока-Кола Алматы Боттлерс» БК ЖШС. Өндірістік кешенге салынатын инвестиция көлемі 41,9 млрд теңгені құрайды. Ал зауыттың жобалық қуаттылығы жылына 280 млн литр алкогольсіз сусын өндіруге жетеді.

«Кәсіпорын халықаралық стандарттарға сай экологиялық таза технологиялармен жабдықталып, қалдықтарды басқарудың тиімді жүйелері енгізіледі. Бұл өндірістің еліміздің тұрақты өнеркәсіптік экожүйесіне кірігуіне мүмкіндік береді», – делінген хабарламада.

Жобаны іске асыру нәтижесінде өңірде 120-дан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Зауыт құрылысы 2026 жылы басталады.

«Кока-Кола Алматы Боттлерс» нидерландтық «Си-Си-Ай Интернешнл Голланд» және түркиялық «Кока-Кола Ичеджек Аноним» компанияларына тиесілі және Coca-Cola Icecek түркиялық компаниясының құрылымына кіреді.

Бұған дейін Gucci-мен жұмыс істейтін қытайлар Түркістанда үш ірі мақта зауытын ашқаны хабарланған.