Жаңалықтар

Тоқаев армиядағы сарбаздар өлімін елге жат, теріс үрдіс деп атады

Фото: shutterstock/бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Turkistan» газетіне берген сұхбатында армиядағы сарбаздар өлімі жайлы сұраққа жауап берді.

Президентке сарбаздардың өліміне қатысты оқиғалар әскери қызметтің беделін, Қарулы Күштердің абыройын түсіріп жатқанын айтқан журналист «Сіз армиядағы ахуалды қалай бағалар едіңіз?» деп сұрақ қойған.

«Мен әскери борышын өтеуге шақырылған сарбаздардың жарақат алуы мен қаза болуына қатысты оқиғаларды өркениетті елге жат, теріс үрдіс деп санаймын. Бейбіт заманда мұндай жайттар болмауға тиіс. Бұл туралы барлық күштік құрылым басшыларымен жуырда өткен кеңесте де айттым. Қорғаныс саласына жауапты мекеменің басшылығын тәрбие жұмысын дұрыс қадағаламай отырғаны үшін сынға алдым. Әскерде әлімжеттікке, бұзақылыққа, рушылдыққа, жершілдікке орын жоқ, ондай жайттарға жол берілмейді. Мұның бәрін өзім жеке қадағалап отырамын», – деген Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев ахуалды түзеу үшін шұғыл шаралар қабылдау жөнінде бұйрық бергенін атап өткен. Дегенмен, қайғылы оқиғалар әскери бөлімшелердің бәрінде болып жатпағанын айтқан. Тексеру жұмыстары, жалпы, әскердегі тәртіп қатаң сақталатынын көрсеткен.

«Танымалдыққа ұмтылған кейбір блогерлер әскердегі шынайы ахуалға мүлдем жанаспайтын сөз таратып жүр. Олар армияны сарбаздар күн сайын дерлік қылмыскерлердің құрбанына айналып, қаза табатын жер ретінде көрсеткісі келеді. Шын мәнінде, сарбаз болу – өзіңді дамыту үшін тың мүмкіндіктерге ие болу деген сөз. Әскери борышын өтеп қайтқан жастар жоғары оқу орындары мен колледждерде тегін оқи алады», – дейді ол.

Мемлекет басшысы сонымен қатар, олар әскерде жүргенде сұранысқа ие мамандықтарды меңгеретінін, келісімшартпен жұмыс істейтін әскери қызметшілер мен офицерлер әлеуметтік жағынан барынша қорғалғанын жеткізген.

«Әскери қызметтің абырой-беделін көтеру және еліміздің қорғаныс қабілетін арттыру – мемлекеттің басты басымдығының бірі. Қарулы Күштерімізді технологиялық тұрғыдан жаңғырту жұмысы қарқынды жүргізіле бастады. Былтыр Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай өткізілген әскери шеруді шетелдік саясаткерлер мен әскери қайраткерлер жоғары бағалады. Қазақстанда колледждерден бастап университетке дейінгі білім және ғылым мекемелерін түгел қамтитын ұлттық әскери мектеп қалыптасты», – дейді Тоқаев.

Президент жуырда Тараздағы мамандандырылған әскери мектепке барған. Онда әлеуметтік жағынан осал топтағы отбасылардан шыққан балалар оқиды. Мемлекет басшысы оған жақсы бастама деп баға берді.

«Мен осы мектепке аты аңызға айналған батырымыз Бауыржан Момышұлының есімін беру туралы шешім қабылдадым. Облыс орталығының бәрінде осындай мектеп ашу туралы тапсырма бердім. Бұл білім мекемелерінде бүкіл еліміз мақтан тұтатын сардарлар мен генералдар тәрбиеленіп шығатынына сенімдімін», – дейді ол.

Айта кетейік, бұған дейін Қорғаныс министрінің орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаев әскерде сарбаздар қаза таппауы үшін қандай шаралар қабылданып жатқанын айтқан еді.