Жаңалықтар

Қартаюды баяулататын тағам түрі анықталды

Бірақ ғалымдар тәтті шоколадты көп тұтынуға болмайтынын алға тартты / фото: KursivMedia мұрағаты
Бірақ ғалымдар тәтті шоколадты көп тұтынуға болмайтынын алға тартты / фото: KursivMedia мұрағаты

Ғалымдар қара шоколадты тұтыну биологиялық қартаюды баяулататынын анықтады. Десе де, оны мөлшерден тыс жеу денсаулыққа зиян.

Лондондағы Корольдік колледждің зерттеушілері қара шоколадты тұтыну мен ағзаның биологиялық тұрғыдан баяу қартаюы арасында байланыс бар екенін анықтады. Зерттеу нәтижелері Aging ғылыми журналында жарияланды.

Какао бұршақтарының құрамы

Зерттеу көрсеткендей, бұл үдерісте какао бұршақтарының құрамында болатын алкалоид-теобромин маңызды рөл атқаруы мүмкін. Ғалымдар екі тәуелсіз тіркеуден алынған 1 669 адамның қан үлгілерін талдаған. Кофеин мен теобромин метаболиттерінің концентрациясын, сондай-ақ ДНҚ метилденуіндегі өзгерістерге негізделген биологиялық жастың екі маркерін бағалап көрді.

Көрсеткіштердің бірі эпигенетикалық жасты, екіншісі – хромосомалардың ұштарындағы қорғаныш аймақтар болып табылатын теломерлердің жағдайын көрсетті.

Ғалымдар пікірі

Нәтижелер қандағы теобромин деңгейі жоғары адамдарда биологиялық жас орта есеппен хронологиялық жастан төмен болатынын көрсетті. Ал кофеинге және какао мен кофеде кездесетін басқа қосылыстарға қатысты мұндай байланыс анықталған жоқ.

«Біздің зерттеуіміз қара шоколадтың негізгі құрамдас бөлігі мен биологиялық қартаюдың баяу жүруі арасындағы байланысты көрсетті», – деп атап өтті Лондон Корольдік колледжінің зерттеушісі Джордана Белл.

Қартаюға қарсы құрал емес

Ол бұл деректерді, әсіресе тәтті шоколадты көп тұтынуға арналған ұсыныс ретінде қарастыруға болмайтынын баса айтты.

Авторлардың айтуынша, биологиялық жас ресми көрсеткіш емес. Ол ағзаның жалпы жағдайын сипаттайды. Ол неғұрлым төмен болса, тіндер мен ағзалардың қызметі соғұрлым ұзақ сақталады. Ғалымдар шоколадты «қартаюға қарсы құрал» деп санауға болмайтынын атап өтті. Өйткені көп мөлшерде ол жоғары калориялы, қант пен майға бай өнім болып қала береді.

Айта кететін жайт, Норвегиядағы Берген университетінің ғалымдары кез келген жаста өмір жасын ұзартуға болатынын дәлелдеп отыр.