
Алматы тұрғындары жаңа жыл шыршасын хайуанаттар бағына өткізе алады. Бақ тек табиғи шыршаны қабылдайды.
Экологиялық акция 8-18 қаңтар аралығында жалғасады.
«Жаңа жыл мерекелері аяқталғаннан кейін қала тұрғындары табиғи шыршаларды қоқысқа тастамай, Алматы хайуанаттар бағына тапсыра алады. Ағаштар жануарлар қоршауына қойылып, олардың тіршілік ортасын байытуға пайдаланылады», – делінген ақпаратта.
Шыршалар бұғы, елік, қодас, қабан және басқа да жануарлар қоршауына қолданылады.
«Жануарлар жаңа заттарға ерекше қызығушылық танытып, шыршаларды иіскеп, дәмін татып, тартып, секіріп, бұтағына сүйкеніп, қабығымен ойнайды. Бұл олардың қимыл-қозғалысын арттырып, тіршілігін әрлендіре түседі», – деп хабарлады қала әкімдігі.
Шыршаларды Орманов көшесі, 64 үйде орналасқан Алматы хайуанаттар бағының қызметтік кіреберісіне апарып өткізу қажет.
Байланыс нөмірі: 8 (701) 676-85-85.
Айта кетейік, бұған дейін Астанада 50-ден астам ерікті тоқыған эко-шырша таныстырылды.