
Glencore тау-кен алыбы Rio Tinto компаниясымен қосылуы мүмкін. Сол кезде екеуінің нарықтағы капиталы 260 млрд долларға жетеді. Екі ірі компания арасында келіссөздер қайта басталғанын Financial Times жазды.
Glencore «Қазмырыш» компаниясы акцияларының 70%-ына иелік етеді. Швейцариялық компанияның Қазақстандағы активін сату жөнінде бейресми келіссөз жүргізіп жатқаны 2025 жылдың ақпанында мәлім болған. Сол кезде мырыш, қорғасын және алтын өндірумен айналысатын кәсіпорын шамамен 5,1 млрд долларға бағаланған.
2024 жылдың қорытындысы бойынша Glencore 1,6 млрд доллар шығынға батқаны мәлім. Бір жыл бұрын компания көрсеткіштердің төмендеп кетуін көмірдің арзандауымен түсіндірген.
Жақында ғана мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров үкіметтің трансұлттық компанияны қолдау себебін сұрап, Glencore-ға шүйліккен. Қазақстанда жүргеніне 20 жыл болған корпорация осы уақытта «елдің технологиясы жоғары өндірісін дамытуға бір түйір үлес қосқан жоқ» деп мәлімдеген парламент өкілі.
Енді Glencore-дың өзін Rio Tinto сатып алуы мүмкін. Ол Англия мен Аустралияның бірлескен компаниясы. Ол да Қазақстанда белсенді жұмыс істеп жүр. Компания Қостанай және Қарағанды облыстарында геологиялық барлау жүргізіп, мыс пен литий іздестіріп жатыр.
FT дереккөздерінің айтуынша, Glencore мен Rio Tinto бірнеше немесе барлық кәсіпорындарын біріктіруі мүмкін. Glencore алдын ала келіссөз жүргізіп жатқанын бейсенбідегі мәлімдемесінде растаған.