
Шымкент қаласының бұрынғы әкімі Ғабидолла Әбдірахымов «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорында басшылық қызметке орналасты.
Атышулы шенеунік Әбдірахымов енді «Samruk-Kazyna Construction» АҚ Басқарма төрағасының пайдалану жөніндегі орынбасары қызметін атқарады. Топ-менеджердің жаңа жұмысқа шыққаны шенеуніктің Түркістан облысына жасаған сапары кезінде мәлім болды. «Түркістан БГҚ» сайтында ол туралы материал жарияланды.
Экс-әкімнің инвестициялық холдингке қызметке орналасқанын мекеменің баспасөз қызметіндегілер Kursiv.Media-ға растады.
Түркістанға сапары барысында Әбдірахымов осы өңірдегі электр станциясы құрылысының барысын тексерген.
Естеріңізге сала кетейік, Әбдірахымов Шымкент қаласын 2018-2019 жылдары бір жылдан астам уақыт басқарған. Алты жыл бұрын шенеунік Лондондағы Ritz қонақүйінде видео түсіріп, Instagram-дағы парағына жариялаған. Әкім қаланы «әлемнің астанасы» деп атап, қазақстандықтарға сәлем жолдаған. Көпшілік оның бұл әрекетін шенеунік этикасын бұзу деп қабылдаған. Артынша Әбдірахымов әкім қызметінен алынған.
Содан кейін ол премьер-министрдің кеңесшісі, мәдениет және спорт министрінің орынбасары қызметтерін де атқарған.