
Елде мемлекеттік нөмірі көрінбейтін көлік жүргізушілеріне айыппұл салынады. Кей жағдайда қамауға алу немесе көлік жүргізу құқығынан айыру секілді шара да қолданылуы мүмкін. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» хабарлады.
«Мемлекеттік нөмір белгісі – көліктің міндетті сәйкестендіру дерегі. Нөмір белгісі ұлттық стандарт талаптарына сәйкес орнатылып, тәуліктің кез келген уақытында анық көрініп, еркін оқылуға тиіс. Жүргізуші көлігін нөмірі көрінетіндей етіп тазалауға міндетті», – делінген ақпаратта.
Нөмірді әдейі жасыру үшін пленка секілді заттарды қолданғандар, жалған нөмір орнатқандар да жауапқа тартылады.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 590-бабында мынандай жауапкершілік қарастырылған:
- мемлекеттік нөмірі оқылмайтын немесе белгіленген жерге орнатылмаған нөмір үшін 5 АЕК (21 625 тг) айыппұл;
- мемлекеттік нөмір белгісі жоқ көлікті жүргізу – 10 АЕК (43 250 теңге);
- бұл әрекетті бір жыл ішінде қайталаса 20 АЕК (86 500 тг) айыппұл салынады немесе бір жылға көлік басқару құқығынан айырылады (сот шешімі қажет);
- қолдан жасалған нөмірді ілу – 15 АЕК (64 875 тг);
- қолдан жасалған нөмірді ілу, нөмірді көруге кедергі келтіретін материалды пайдалану 5 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алуға және бір жылға көлік басқару құқығынан айыруға әкеледі.
Айта кетейік, 2026 жылы айлық есептік көрсеткіш 4 325 теңгеге тең.