Жаңалықтар

Шаруа қожалықтар саны күрт азайып жатыр

фото: Агроинфо сайтынан

Соңғы екі жылда Қазақстандағы шаруа қожалықтар саны күрт азайып жатыр. Екі жыл бұрын олардың саны 270 мың болса, 2025 жылдың басында 260,3 мың қалған. Ал жыл соңында 245,8 мыңға дейін азайған. Ауыл шаруашылық сарапшысы Төлеутай Рахымбеков бұны өте алаңдарлық жағдай ретінде сипаттайды. Бұл туралы Eldala.kz сайты жазды.

«Шаруа қожалықтар санының азаюын соңғы 35 жылда алғаш рет байқап тұрмын. Жеке қосалқы шаруашылықтардың саны да азайып келеді. Егер 2024 жылғы 1 қаңтарда олардың саны 1 млн 631 мың болса, 2025 жылғы 1 қаңтарда бұл көрсеткіш 1 млн 605 мыңға түсті», – деді сарапшы.

Рахымбековтың сөзінше, елдегі мал басының 90%-ы шаруа қожалықтары мен жеке қосалқы шаруашылықтарда. Ішкі нарыққа ет пен сүттің 90%-ын нақ осылар жеткізіп отыр. Шаруа қожалықтар мен жеке қосалқы шаруашылықтар азайса, нарыққа жеткізілетін сүт пен ет те азайды. Сарапшы бұл бағаның өсуіне себеп болатынын айтты.

«Өнімге сұраныс жоғары бола тұра, ұсынысты азайтып тастау нарықты бұзады, ет пен сүт бағасын өсіреді. Сосын кейін Қазақстандағы ет бағасы үшін тағы өндірісін азайтқан Аргентина мен Бразилияны кінәлаймыз ба? Немесе Қазақстаннан ет алуды көбейткен Өзбекстан мен Тәжікстанға кінә тағамыз ба? Мүмкін тағы басқа себебін табар», – деген сұрақ қояды Төлеутай Рахымбеков.

Еске салайық, былтыр күзде сиыр еті күрт қымбаттап, келісі 4000 теңгеден асты. Ауыл шаруашылығы министрлігі мұны сыртқы нарықтағы сұраныстың жоғары болуынан деп түсіндірді.

Желтоқсанда елдегі ет бағасын тұрақтандыру үшін 200 млрд теңге бөлінетіні белгілі болды. Дәл осы мақсатта сиыр етін шетелге сатуға да шектеу енгізілетін енгізіледі.