Жаңалықтар

45 қаладағы 50 жыл бойы жаңаланбаған кәріз құбырларын ауыстырады

кәріз құбыралы ауыстырылады
фото: коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Милош Муратовский

Қазақстан қалаларындағы кәріз құбырлары 50 жыл бойы ауыстырылмаған. 65%-ға жуығы әбден тозған, бұл санитарлық жағдайға тікелей әсер етеді. Үкімет отырысында баяндама жасаған Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов осылай мәлімдеді.

Ведомство осы мәселеге назар аударып отыр. Былтыр Ақтау және Ленгер қалаларында кәріз құбырлары ауыстырылды. Биыл Атырау, Қызылорда, Қарқаралы және Қаражал қалаларында кәріз құрылыстарын жаңалау жоспарланған. Барлығы тізімде 45 қала бар.

Ақтөбе, Қарағанды, Риддер қалаларындағы жобалар үшін Еуропа даму және қайта құру банкіне, Жезқазған, Сәтпаев, Балқаш, Степногорск үшін Азия даму банкінен несие алынады.

Қаржылық оператор институты енгізілді

Жобаларды жүзеге асыруын бақылау үшін Техникалық оператор институты енгізіледі. Ол жобалау кезінде қазақстандық өнімге басымдық беруін, технологиялық шешімге мониторинг жүргізуін қадағалап отырады.

«Аталған институт тапсырыс берушілер мен әкімдіктердің функцияларын қайталамайды, техникалық-технологиялық шешімдердің сапасы мен тиімділігін қадағалайтын болады», – деп түсіндірді вице-министр.

Ал жобалардың қаржыландыру көзін анықтау үшін Қаржылық оператор институты енгізіледі. Ол жобаның белгіленген мерзімде орындалуын қадағалап, шығындардың алдын-алуға мүмкіндік береді.

Энергетика мен коммуналдық секторды жаңғыртуға арналған Ұлттық жоба аясында 2,8 мың шақырым су бұру және 5 мың шақырым сумен жабдықтау желілері жаңартылады.

«Нәтижесінде 2030 жылға дейін сумен жабдықтау желілерінің тозу деңгейін 33 пайызға, су бұру желілерін 41 пайызға дейін төмендету жоспарланған», – деді Қуандық Қажкенов.

Ресми дерек бойынша, Қазақстандағы қалалардың 98,9 пайызына, ал ауылдардың 96,6 пайызына су құбыры жүргізілген. Алайда ол инфрақұрылымның 40%-ы тозып, ескірген. Оның барлығын жаңарту үшін Ұлттық. жоба аясында 6,8 трлн теңге бөлінбек.