
Қуандық Бишімбаевтың отбасы алыс туысынан 990 мың долларын қайтара алмай сотқа жүгінген. Астана сотында қылмыстық іс материалдары зерттеліп, ақшаны алды деп айыпталған Бекзат Кемеловадан жауап алынды, деп хабарлайды KursivMedia тілшісі сот залынан.
Сотқа Бишімбаевтың анасы Альмира Нұрлыбекова қатысып отыр.
Істің мән-жайы
Айыптау актісіне сәйкес, сотталушы Бекзат Кемелова Альмира Нұрлыбекова 990 000 долларды сақтап отырғанын біліп, сеніміне кіріп, әрекет еткен. Сол уақытта Нұрлыбекованың ұлы Қуандық Бишімбаевқа қатысты қылмыстық іс сотта қаралып жатқан.
Бекзат Кемелова сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қызметкерлері Бишімбаевтың отбасына бақылау жүргізіп, мүлкі мен ақшасын тәркілеуді жоспарлап отырғанын айтқан. Мүлкін сақтап қалудың бірден-бір жолы ақшаны өзіне беру екеніне сендірген.
Осылайша Нұрлыбекова 990 000 долларды көк түсті чемоданға салып, Кемеловаға берген. Ал Кемелова бұл ақшаны өз қажетіне жұмсап, қайтармаған.
Сотталушы Бекзат Кемелова сотта не деді?
Бекзат Кемелова соттағы жауабында Салтанат Нүкеновамен қалай танысқаны, Бишімбаев пен Нүкенованың үйлену туралы шешімі, марқұм Нүкенованың киім-кешегіне қатысты айтты. Арасында марқұм Нүкенованың отбасымен қандай қарым-қатынаста болғанын айтып өтті.
Іске төрағалық етуші судья Назгүл Бапақова тағылған айып бойынша нақты ақпарат беруін сұрап, бірнеше рет ескерту жасады.

Кемелованың айтуынша, 2023 жылдың 13 қарашасында Нұрлыбекованың үйіне барған. Сол үйден шабадан ұстап шыққан.
«Мектептен кейін Бишімбаевтардың үйіне бардым. Жанымда ұлым болды. Нұрлыбекова шақырып алып, коттедж бен Қуандық Бишімбаев пәтердің құжаттарын берді. Қуандық бесінші қабаттағы пәтерде тұрды. Ол жерде екі пәтер бір-біріне біріктірілген. Сол үшін құжаттарды шұғыл заңдастыру қажет еді», – дейді Бекзат Кемелова.
Бекзат Кемелованың айтуынша, шабаданның ішінде ақша емес, құжат болған.
«Нұрлыбекова сейфтен жылжымайтын мүлікке қатысты 16-17 құжат алып шықты. (…) Құжаттарды салатын нәрсе әкелуімді сұрады. Матадан тігілген сөмке әкелдім. Нұрлыбекова «коттедж 2,5 млн доллар, екі пәтер миллион доллар тұрады. Құжаттарын таксимен алып кеткелі жатырсың ба?» деп, шабадан әкелуімді сұрады. Басқа бөлмеден көк шабаданды алып, соның ішіне құжаттарды салдық», – дейді сотталушы.
Бұған дейінгі сот отырысына Қуандық Бишімбаевтың анасы Альмира Нұрлыбекова көк шабадан ала келді.

Сөзінше, көк шабаданға 990 мың доллар салып, Бекзат Кемеловаға берген.