Жаңалықтар

Кісі қолынан қаза тапқан Нұрайдың жаназасында жағдайдың жаңа мән-жайы айтылды (видео)

Кісі қолынан қаза тапқан қыздың жаназасында жағдайдың жаңа мән-жайы хабарланды
Фото: Дилара Иса

Шымкентте танысының қолынан қаза тапқан Нұрай Серікбайды туыстары Түркістан облысы Төрткөл ауылында ақтық сапарға шығарып салды. Бар-жоғы 21 жасында бақиға аттанған оның жақындары әділдік іздейді, тергеу бұрмаланбағанын сұрайды.

Қаралы үй

Қаралы үйден шыққан жоқтау аза бойыңды қаза қылады. «Балам», «бауырым» деген жұрттың қарасы қалың. Әп-сәтте көз алдында жүрген қызынан айырылып қалған ананың жайы тіптен қиын. Бірде есін білсе, бірде талып жатты.

Фото: Дилара Иса

Еркінен тыс алып қашқан

Марқұмның туыстарының сөзінше, Нұрай Серікбай мектепті үздік бітірген. Алматыда сән, дизайн мамандығы бойынша білім алып жүрген. Сессиясын жауып, қысқы демалысқа үйіне келген. Күдіктімен өткен жылдың жаз айында тойда танысқан. Көп өтпей жігіт сөз салып, қазан айында еркінен тыс алып қашқан. Бұл некеге қыз да, оның отбасы да қарсы болған. Қызды полиция көмегімен жігіттің үйінен алып кетіп, артынша арызданған. Бірақ күдікті қайта мазаламайтынын айтып уәде еткендіктен, кешірім берген. Алайда аңду, қорқытып-үркіту тоқтамапты.

Полиция әрекетсіздігі

«Қыз бен жігіт таныс болған. Бірақ қыз жігітті ұнатпаған. Қыз ата-анасына әлгі жігіт қыр соңынан қалмай жүргенін айтқан. Телефонына қайта-қайта хабарласқан, қорқытып, үркіткен. Қызды үй алдында күтіп отыратын болған. Болмаған соң ата-анасы қалалық прокуратура мен полиция департаментіне арызданған. Бірақ прокуратура мен полиция ешқандай жұмыс жүргізбеген. Полиция жұмыс жүргізгенде, психолог шақырғанда мұндай қылмыс, адам өлімі болмас па еді?», – дейді марқұмның туысы Кәрім Кенжетаев.

Қылмыс болған кеш

Азалы әулет қызын жан-жақты қорғағанымен, «аман алып қала алмадық» деп отыр. 11 қаңтар күні тәтті пісіру үшін дүкеннен ұн алуға шыққан оны үйін торуылдап жүрген күдікті ұстап алған. Кездесіп, сөйлесуге қарсылық танытқан бойжеткенді қуып жүріп бірнеше жерінен пышақтап, адам шошырлық жағдайда тастап кеткен.

Жақындарының айтуынша, қыздың арқа тұсынан жеті рет пышақ сұғылған. Бетін тілген, мойнын осып жіберген. Жақындары марқұмның сүйегін мәйітханада жудырып, тіпті анасына көрсетпеуге мәжбүр болған.

Марқұмның әкесінің ағасы Ғалымжан Сағымбектің айтуынша, аса ауыр жарақаттан марқұмды өздері жуындыра да алмаған.

«Ежелгі дәстүріміз бойынша жуып, арулап шығарып салуымыз керек еді. Ондайға да жағдайымыз келмей тұр. Себебі ауыр жарақаттар салып тастаған. Осы жасқа келсем де бетін көріп, шошып кеттім. Айта алмаймын. Арқасының өзіне 7 жерінен пышақпен ұрған ғой», – деді ол.

Фото: Дилара Иса

«Кешіруге болмайды»

Марқұмның жақындары «бұл бір отбасының ғана емес, көптің қайғысы» дейді. Олар мұны «қасақана дайындалып келіп жасалған аса ауыр қылмыс» деп санайды. Әділ тергеуді, қатаң жазаны талап етеді.

«Алтындай, сондай ақылды қызымнан айырылып отырмын. Толықтай жазасын алсын. Ату жазасын берсін. Өмір бойы сотталып кетсе де жаным ашымайды. Айуандықпен қызымды өлтірген адамды ешқандай кешіруге болмайды», – деді марқұм Нұрай Серікбайдың анасы Айгүл Сағымбекова.

Полиция бүгін таңда 28 жастағы күдіктіні Шымкенттен 10 шақырымдай жерден ұстағанын хабарлады. Оның үстінен «Адам өлтіру» бабымен іс қозғалған.

Айта кетейік, 11 қаңтар күні кеште Шымкенттегі Төлеметов көшесі мен Өтегенов көшесінің қиылысындағы жаяу жүргіншілер жолында 21 жастағы Нұрай Серікбай кісі қолынан қаза тапқаны видеоға түсіп қалған. Ол оқиға орнында тіл тартпай кетті.