
Молдова президенті Майя Санду референдум болса, өз елінің Румынияға қосылғанына қолдап, дауыс береді. Оның сөзінше, осы арқылы Ресейдің қысымынан құтылып, Молдовадағы демократияны қорғай алады.
«Егер бізде референдум болса, Румынияға қосылуымыз үшін дауыс беремін», – деді ол британдық The Rest is Politics подкастына берген сұхбатында.
Санду бұған дейін де бірнеше рет Мәскеу елдің ішкі ісіне кірісуге тырысып жатыр деп айыптаған еді.
«Қазір әлемде не болып жатқанын қараңыз. Молдова сияқты кішкентай ел үшін демократиялық әрі егемен мемлекет ретінде аман қалу, сондай-ақ Ресейге қарсы тұру барған сайын қиындап барады», – деді ол подкастта.
Дегенмен президент халықтың басым бөлігі бұл ойын құптамайтынын, оның орнына Еуроодаққа қосылуды таңдайтынын атап өтті.
Reuters агенттігінің мәліметінше, Молдованың 2,4 млн тұрғынының шамамен 1,5 миллионында Румыния азаматтығы бар. Дегенмен, сауалнамалар көрсеткендей, ел халқының тек үштен бір бөлігі ғана екі мемлекеттің бірігу идеясын қолдайды.
Өткен жылы күзде Молдова елдегі «Русский дом» орталықтарын жапқан. Кишинев бұл ұйымның орталықтарын «Кремльдің гибридті ықпал ету құралы» деп санайды.