Жаңалықтар

Салық кем, қарыз көп: 2025 жылғы бюджет қалай атқарылды

2025 жылы бюджетке қанша қаржы түсті / Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

2025 жылы республикалық бюджетке қаржы жоспардан сәл кем түсті. Қаржы министрлігінің дерегінше, жалпы бюджет кірісі 21,39 трлн теңгені құрайды деп жоспарланғанымен, қазынаға нақты 21,09 трлн теңге түскен.

Қазынаға салық жоспардан кем түсті

2025 жылы бюджетке 300 млрд теңге қаражат түспеген. Оған себеп – салық түсімдері, әсіресе ірі бизнес төлейтін салықтың толық жиналмауы.

Бюджет кірісінің негізі бөлігі – салық түсімдері 730 млрд теңгеге кем жиналған: үкімет былтыр қазынаға салықтан 15,19 трлн теңге түседі деп жоспарлағанымен, нақты жиналған қаражат 14,46 трлн теңгені құраған. Жоспар 95,2% пайызға орындалған.

Соның ішінде корпоративтік табыс салығы бойынша ең үлкен ауытқу байқалды: жоспар 5,09 трлн теңге болса, қазынаға 4,53 трлн теңге түсті. Мұнай секторын есептемегендегі ірі кәсіпорындардан түсетін салық айтарлықтай төмендеп, өндіріс көлемінің қысқарып, шығындардың өскенін немесе пайда маржасының азайғанын байқатады.

Тауар, жұмыс және көрсетілетін қызметке салынатын iшкi салық 7,8 трлн теңге көлемінде жиналуы тиіс еді. Алайда бұл салықта межеге жетпей, 7,5 трлн теңгені құраған.

салықты доллармен
Коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Қосылған құн салығы бойынша жағдай екіұшты: жоспар 93,9% орындалса да, ішкі өндіріс пен қызмет көрсетуге салынатын ҚҚС түсімі жоспарланған 3,22 трлн теңгенің тек 2,54 трлн теңгесін құраған.

2025 жылы қазынаға қосылған құн салығы 400 млрд теңгеге кем түсті. Үкімет былтыр бюжетке 6,5 трлн теңге ҚҚС түседі дегенімен, нақты 6,1 трлн теңге жиналған.

Табиғи және басқа да ресурстарды пайдаланғаны үшiн түсетiн түсiм жоспардан асып 1,2 трлн теңгені құраған.

Салықтық емес түсімдер екі есе өсті

Есесіне былтыр бюджетке салықтық емес түсімдер жоспардан екі есе көп түскен. Жоспарлы 435 млрд теңгенің орнына 823 млрд теңге жиналған.

Салықтық емес түсімдерге мемлекеттік меншіктен түсетін дивиденд, мемлекет меншігіндегі мүлікті жалға беруден түсетін қаржы, бюджет қаражатын банк шоттарына орналастырғаны үшін алынатын сыйақы жатады.

Мәселен, 2025 жылы «Байқоныр» кешенін жалға беруден қазынаға 61,8 млрд теңге түскен.

Сонымен қатар, 2025 жылы бюджет шығынын жабу үшін Ұлттық қордан 5,25 трлн теңге алынған. Одан бөлек, 8,3 трлн теңге көлемінде қарыз тартылған.

Бюджет шығыны қанша

2025 жылы бюджет шығысы 25,2 трлн теңгені құрайды деп жоспарланған. Алайда үкімет шығынын сәл қысқартып, жалпы шығыс 24,95 трлн теңгені құрады.

Бюджет тапшылығы 4,06 трлн теңгені құрағанымен, мұнайға қатысты емес тапшылық 11 трлн теңгеден асып кеткен. Яғни, мұнайдан түсетін табыс болмаса бюджет тапшығылығы 11 трлн теңгені құрайтын еді.

Сыртқы қарызды өтеуге былтыр бюджеттен 4,2 трлн теңге жұмсалған.