
2025 жылы «Газпром» алғаш рет Еуропаға қарағанда Қытайға көбірек газ жеткізді.
Ресейлік компанияның хабарлауынша, алдын ала мәліметтер бойынша, 2025 жылы «Газпром» «Сібір күші» газ құбыры арқылы Қытайға 38,8 млрд текше метр газ жеткізген. Бұл – 2024 жылғы көрсеткіштен 24,8%-ға жоғары. Осылайша, компания Қытайға экспорттаған құбыр арқылы тасымалданатын газ көлемі Еуропаның алыс шетел елдеріне (Түркияны қоса алғанда) жиынтық жеткізілімнен асып түсті.
««Газпром» таяу шетелге газды сенімді түрде жеткізуді жалғастырып келеді. 2025 жылы Орталық Азия мен Закавказьеге экспорт көлемі артты. Атап айтқанда, компания Қазақстанға, Өзбекстанға және Қырғызстанға ресейлік газ жеткізілімін 22,2 пайызға, ал Грузияға 40,4 пайызға ұлғайтты», – делінген хабарламада.
Ресейдің Қытайға газ экспортының артуына бірнеше негізгі себеп әсер етті. Біріншіден, Қытайдың энергияға сұранысы тұрақты өсіп келеді, әсіресе өндіріс пен қалалардың кеңеюі газ тұтынуды көбейтті. Екіншіден, «Сібір күші» инфрақұрылымының қуаты кезең-кезеңімен ұлғайып, келісімшарт аясындағы жоспарлы көлемдер өсе бастады. Үшіншіден, Еуропа нарығында шектеулер мен саяси-экономикалық факторлар күшейген тұста, Ресейдің экспорт бағыты Азияға қарай бұрылды.
Айта кетейік, бұған дейін ресейлік «Газпром» мен қытайлық CNPC жаңа газ құбырын салатыны жайлы жазған едік.