
Америкалық стартап жасанды интеллектпен жабдықталған алғашқы «ақылды» шаш қию машинасын таныстырды. Құрылғы арнайы қосымша арқылы таңдалған шаш үлгісіне сай жұмыс істейді. Ал пышақтардың қозғалысын ЖИ басқарады. Бұл туралы Kursiv.media МИР 24-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Өнертапқыштардың айтуынша, құрылғыны пайдалану үшін алдымен қолданушы арнайы мобильді қосымша арқылы қалаған шаш үлгісін таңдайды. Одан кейін машинаны бастың үстімен жүргізу жеткілікті. Жасанды интеллект пышақтардың қозғалысын өзі бақылап, шашты таңдалған үлгіге сай қияды.
Сондай-ақ машина күрделі шаш үлгілерін де дәл қия алады. Ол қозғалысты және пышақтың еңкею бұрышын бақылайтын датчиктермен жабдықталған. Қауіпсіздік үшін қию бұрышы немесе жылдамдығы күрт өзгерсе, пышақтар автоматты түрде ішке тартылады.
Қазір қолданушылар тек алдын ала жасалған каталогтағы үлгілерді таңдай алады. Ал болашақта жеке шаблондарды жүктеу және дауыс арқылы басқару мүмкіндігі енгізілмек. Алдын-ала дерек бойынша, «ақылды» шаш қию машинасы 2026 жылдың ортасында сатылымға шығуы мүмкін.