Жаңалықтар

Байқоңыр және әскери полигондарды жалға беруден қанша пайда түсті

Протон зымыран тасығышы Байқоңыр
«Протон-М» зымыран тасығышын Байқоңыр ғарыш айлағына шығару / фото: «Роскосмос»

Қазақстан «Байқоңыр» ғарыш айлағы мен тағы ірі үш әскери полигонды Ресейге жалға беріп отыр. 2025 жылы Қазақстан оларды шетелге өткізуден шамамен 72,3 млрд теңге пайда тапты. Бұл туралы Kursiv.Media хабарлайды.

Әскери полигондар

Қазақстан Сарышаған, Капустин Яр және Чкалов атындағы орталықтағы әскери полигонды Ресейге жалға беріп отыр.

Қаржы министрлігінің 2025 жылғы республикалық бюджет есебінде «әскери полигондарды пайдаланғаны үшін жалгерлік төлемнен» 10,5 млрд теңге түскені айтылған. Бюджет қабылданған уақытта олардан 9,4 млрд теңге түседі деп болжанған, дегенмен жоспар 11,5%-ға артық орындалған.

Сарышаған – Қарағанды, Жамбыл, Ақтөбе, Қызылорда және Ұлытау облыстары аумағында орналасқан ірі полигон. Мұнда зымыран қорғанысы жүйелері сыналады. Жалға берілетін жер көлемі – 6,98 млн га. Бір жылға жалға алу құны – 16,2 млн доллар.

Капустин Яр немесе 4-мемлекеттік орталық аралас полигон Батыс Қазақстан және Ресейдің Астрахань облысы аумағында орналасқан. Мұнда түрлі әскери зымырандар сыналады. Аумағы – 292,8 мың га. Бір жылға жалға алу құны – 682,2 мың доллар.

Чкалов атындағы мемлекеттік жазғы сынақ орталығының (929-полигон) сынақ алаңдары мен зымыран бөлшектері құлайтын аумақ Батыс Қазақстан және Атырау облыстарында орналасқан. Жалға берілетін жер көлемі – 1,3 млн га. Бір жылға жалға алу құны – 3 млн доллар.

Протон зымыран тасығышы Байқоңыр ғарыш айлағы
фото: «Роскосмос»

Байқоңыр ғарыш айлағы

Қазақстан Қызылорда облысы аумағындағы «Байқоңыр» ғарыш айлағын Ресейге 2050 жылға дейін жалға берген. Бір жылдық жалға алу ақысы – 115 млн доллар.

Қаржы министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы республикалық бюджетке кешенді жалға беруден 61,8 млрд теңге түсті. Бюджет бекітілген уақытта жалға беру ақысы 54 млрд теңге деп белгіленген еді, бірақ бағам өзгеруіне байланысты төлем 14,3%-ға артты.

Бұған дейін Kursiv.Media Астана қаласында LRT құрылысына 2025 жылы қанша миллиард теңге жұмсалғаны туралы жазған.