Банк пен қаржы

Лукойлдың Қазақстандағы активтерін Chevron сатып алуы мүмкін

Лукойл мұнай
«Лукойлдың» Алматыдағы базасы / фото: shutterstock

АҚШ пен Ұлыбритания санкцияларына іліккен ресейлік «Лукойл» компаниясының Қазақстандағы активтерін америкалық Chevron сатып алуы мүмкін. Бұған қоса, Carlyle жеке инвестициялық компания мен Quantum араб компаниясы да үлестен дәмелі. Бұл туралы Reuters хабарлады.

Агенттік «Лукойлға» активтерін сатуға берілген уақыт осы аптада, яғни 17 қаңтарда түгесілетінін ескертті. Reuters дерегінше, қазір мұнай-газ үлесіне таласта Carlyle, сонымен бірге Chevron мен Quantum жұбы алда келе жатқанын атап өтті.

АҚШ пен Ұлыбритания 2025 жылғы қазанда «Лукойлға» шектеу қойып, 22 млрд долларға бағаланған активтерін сатуға мұрсат берген. Олардың ішінде Қазақстан, Әзербайжан және Ирактағы мұнай кен орындары, сонымен бірге Еуропа мен АҚШ-тағы өңдеу зауыттары, жанармай бекеттері бар.

Қазақстан өз аумағында орналасқан кен орындарын сатып алуға басымдық алғанымен, ресми Астана мұндай ойын ашып айтқан жоқ.

Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылғы 15 қазанда Ұлыбритания, ал 23 қазанда АҚШ Ресейдің «Лукойл» және «Роснефть» компанияларына санкция салған. Артынша «Лукойл» шетелдегі мұнай активтерін сататыны мәлім болған.

«Лукойл» сайтындағы мәліметке қарағанда, мұнай компаниясы Қазақстандағы бірнеше жобаға қатысады. Олардың арасында Қарашығанақ пен Теңіз ірі мұнай кен орындары бар. Бұған қоса, ресейлік компания қазақ мұнайының 80%-ы айдалатын Каспий құбыр желісі консорциумында 12,5% үлеске ие.

Батыс Қазақстандағы Қарашығанақ кен орнын игеруге Лукойл 1997 жылы қосылған. Дәл сол жылы ол Атыраудағы Теңіз жобасына да кірген.