Жаңалықтар

Тоқаев QazaqGaz компаниясының 2025 жылғы жұмысы туралы есебін тыңдады

Тоқаев QazaqGaz компаниясының 2025 жылғы жұмысы туралы есебін тыңдады / Фото: Ақорда

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев QazaqGaz басқарма төрағасы Әлібек Жамауовпен кездесу өткізді. Ақорда ақпаратына сүйенсек, президентке компания қызметінің 2025 жылғы нәтижесі, сондай-ақ, газ саласындағы негізгі жобалардың іске асырылу барысы туралы есеп берілді.

Баяндама барысында Жамауов газ тұтынудың өскенін және газ өңдеу қуатын ұлғайту қажеттілігін ескере отырып, геологиялық барлау мен күрделі құрылысқа баса назар аударылғанын айтты. Сондай-ақ, басымдықтардың қатарында Астананы және оған іргелес аймақтарды газдандыруды қоса алғанда, газ инфрақұрылымын кеңейту көрсетілген.

Президентке 2025 жылы 400 мыңға жуық адам табиғи газға қол жеткізгенін, ал 112 елді мекен газбен жабдықтау жүйесіне қосылғанын хабарлады.

«Талдықорған – Үшарал газ құбырының іске қосылуы өткен жылдың ең айтулы оқиғаларының бірі саналады. Бұл жұмыс межеленген мерзімнен 1 жыл 4 ай бұрын аяқталды. Аталған газ құбыры Жетісу облысындағы 84 елді мекенді көгілдір отынмен қамтамасыз етіп, өңірдегі газдандыру деңгейін 76 пайызға дейін ұлғайтуға мүмкіндік берді», – деп хабарлады Ақорда.

Кездесу барысында ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға, оның ішінде Бейнеу – Бозой – Шымкент магистраль газ құбырының екінші желісін, сондай-ақ, қуаттылығы жылына 1 млрд текше метр Қашаған кен орнында газ өңдеу зауытын салуға ерекше назар аударылды.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша газ саласының ресурстық базасын дамыту үшін Жамбыл облысындағы «Малдыбай» кен орнында жұмыс жүргізіліп жатыр. Амангелді тобының құрамындағы «Бархан» кен орны іске қосылды»,-деп атап өтті баспасөз қызметі.

Сонымен қатар, Тоқаевқа цифрлық шешімдерді енгізу туралы ақпарат ұсынылды. Атап айтқанда, Аqyl Energy бастамасы аясында жасанды интеллект пен деректерді талдау элементтерін қоса алғанда, заманауи технологияларды қолдана отырып, газбен жабдықтауды есепке алу және басқару процестерін цифрландыру жүзеге асырылуда.

Кездесу қорытындысы бойынша президент жылу беру кезеңінде халықты және экономиканы тұрақты газбен жабдықтауды қамтамасыз ету үшін қосымша шаралар қабылдауды, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектті енгізуді жандандыруды, сондай-ақ, газ саласының ресурстық базасын кеңейту жөніндегі жұмысты жалғастыруды тапсырды.

Осыған дейін Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қорғаныс министрі Дәурен Қосановты қабылдағаны туралы жазған едік.