
Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов 2025 жылдың соңына дейін халықты толығымен ауызсумен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасы толық орындалғанын айтты. Алайда соған қарамастан, елдегі 19 ауыл бірнеше жылдан бері тіршілік нәрінен тарығып отыр.
Вице-министрдің айтуынша, елде 6 087 ауыл мен 90 қала ауызсумен қамтамасыз етілген. Соңғы жылдары (2021 жылдан бастап) бұл бағытта 835 млрд теңге бөлініп, 1,6 мыңнан астам жоба жүзеге асқан. Қажкенов үкімет тарапынан қаржыландыру мәселесі толығымен шешілді деп сендірді.
«Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде 34 қала мен 756 ауыл орталық су жүйесімен қамтылды. Сонымен қатар, жергілікті бюджет есебінен 699 ауылда кешенді блок-модульдер орнатылды. Салыстырмалы түрде, 2021 жылы ауыл халқының 90 пайызы және қала халқының 97,5 пайызы сумен жабдықтау қызметтеріне қол жеткізді.
Осылайша, жергілікті атқарушы органдардың ақпаратына сәйкес, Мемлекет Басшысының тапсырмасы толық орындалып, еліміздегі 90 қала мен 7,5 миллион тұрғыны бар 6 087 ауыл ауыз сумен 100% толық қамтамасыз етіліп отыр«, – деп баяндады вице-министр үкімет жиынында.
Алайда вице-министр нақты жағдайға тоқталып өтті. Айтуынша, қазір республикада 19 ауылда орталықтандырылған ауызсу мүлде тартылмаған. Бұл елді мекендердің шалғай орналасуына және су көздерінің болмауына байланысты халыққа ауыз су тасымалданады. Аталған елдімекендерде орта есеппен 70 адамнан тұрады.
Осыған дейін Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Қазақстандағы 260 ауыл әлі құдық суын пайдаланып отырғанын айтқан еді.