
Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов су арналарына цифрландыруға қатысты жоспармен бөлісті. 2028 жылға дейін еліміз бойынша 3,6 миллионнан астам телеметрия технологиясы бар «ақылды су есептегіш» құралдарын орнату көзделген.
Автоматты түрде есеп береді
Мұндай құрылғылар судың жұмсалу көлемін автоматты түрде байланыс арналары арқылы жеткізіп отырады. Бұл су шығынын айтарлықтай азайтып, шығындарды оңтайландыруға, жабдықтың қызмет ету мерзімін ұзартуға және су тарату мен су бұру жүйесін тиімді басқаруға мүмкіндік береді.
«Отандық және халықаралық сарапшылармен бірге5 қаладағы – Астана, Шымкент, Орал, Екібастұз және Шахтинсктегі су арналары қызметінің бағалануы жүргізілді.Нәтижесінде процестерді оңтайландыру бойынша ұсыныстар дайындалды және біртұтас цифрлық шешімдерді және кезең-кезеңімен енгізуді қарастыратын техникалық-экономикалық негіздемені дайындау үшін техникалық тапсырма әзірленді», – деп түсіндірді Қажкенов.
Нәтижесінде бірыңғай цифрлық шешім әзірлеуге арналған ұсынымдар мен техникалық тапсырма дайындалды.
Тізім жасақталып жатыр
Қазір өңір әкімдіктері мен табиғи монополия субъектілері су есептегіш құралдарын орнатуға өтінімдер беріп жатыр.
Қуандық Қажкенов Президент Жолдауында су саласына халықаралық тәжірибені енгізу міндеті қойылғанын еске салды. Былтыр осы мақсатта әлемдік көшбасшы компаниялар Veolia, Suez және Aqualia компанияларымен меморандумдарға қол қойылды. Бұл ынтымақтастық аясында активтерді беру қарастырылмаған, тек басқару тәжірибесі мен үздік халықаралық практикалар алмасу жүзеге асады. Мемлекеттік бақылау толық сақталады.
Сондай-ақ, Қазақстанның су инфрақұрылымын басқару саласындағы біліктілікті арттыру үшін шетелдік компаниялармен де келіссөздер жалғасып жатыр.
Еске салайық, 2025 жылдың 16 қазанында Өнеркәсіп және құрылыс министрінің бұйрығымен сумен жабдықтау және су бұру қызметтері көлемін есептеу әдістемесі бекітілді. Егер жеке тұлғада су есептегіші орнатылмаған болса, тұтыну көлемі әкімдіктер бекіткен коммуналдық қызмет нормаларына сай, бір адамға шаққан есеппен анықталады.