
Стендап-комик Жансая Мұратбекова Айнұр Ілиясованың «Мамский әңгіме» подкасына берген сұхбатында 2024 жылы отбасында болған қайғылы оқиғаны есіне алып, жүйеге өкпесін жеткізді.
Жансая Мұратбекова осыдан екі жыл бұрын туған ағасы кісі қолынан қаза тапқанын айтты. Әлқисса, 2024 жылы ақпанда блогер ағасынан айырылып, адам өліміне қатысты істе әділетсіздік көп болған. «Мамский әңгімеге» берген сұхбатында жүргізуші осы жағдай туралы сұрақ қойды. Отбасындағы қайғылы оқиғаны еске алу стендаперге ауыр тиіп, көз жасына ерік берді.
«Сотталған адам 15-20 жылдан кейін қайта шығар. Ал маған ағамды ешкім қайтарып бере алмайды. Былай қарап тұрсаңыз, бүкіл отбасының өмірін тас-талқан қыла салды. Ондай жағдайда резонанс тудырсам да, бірінші кезекте бұл жерде жүйе тұр. Бәрі жүйеден. Біз қайғырып жатқанда біраз нәрсе шешіліп қойған да сияқты болып көрінеді. Сұрақ көп, жауап аз», – дейді блогер.
Іс жүріп жатқан кезде Жансая өз парақшасына:
«Өкінішке қарай біздің ауылда адамның өмірі ойыншыққа айналғандықтан, бар үмітіміз ауданда болған, бірақ Аягөз ауданының өзі өте төмен деңгейде жұмыс жасап жатыр. Ескі жүйе, тамыр-таныс белең алып тұр. Әлде адамның құқығы қала, ауылға бөліне ме? Қазіргі елімізде онлайн болып жатқан соттың өзі осылай созылып жатқанда, ауыл-аудандағылар кісі қолынан қаза тапқан жақынын жерлеп бір қиналса, артынан оның құқығын ақтап, ақиқат пен әділдікке жету үшін неше рет қиналатынын білесіздер ме? Неге жәбірленуші тарап ақиқат пен әділдікке жету үшін өздері жүгіруі керек? Күдіктеніп отырған адамдар да жетерлік. Неге олардың бұл қылмысқа қатысы бар-жоғын анықтау үшін тағы да жәбірленуші тарап жүгіру керек? Сұрақ та, тексерілмеген нәрсе де көп. 100 пайыз көңілім толмайынша тиісті жердің, жауапты адамдардың барлығына жаза беретін боламын”, – деп жазған еді.
Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін Жансая Мұратбекова сайтымызға вайн, қазақша сериалдар және стендап туралы көлемді сұхбат берген еді.