
Түркістан облысы Жетісай аудандық сотында прокурор Шардара ауданы Қоссейіт ауылында туған әкесін қинап, ұрып-соққан 41 жастағы Алмас Садақбаевты 6 жыл 2 айға бас бостандығынан айыруды сұрады. Оған қылмыстық кодекстің «Қинау» бабы және «Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру» бабы бойынша айып тағылған. Прокурор сот тергеуінде айыпталушының кінәсі толық дәлелденді деп есептейді.
«Әкесін аса қатыгездікпен ұрып-соққан»
Жарыссөзде Шардара ауданының прокуроры Алмас Әли сөйледі. Оның сөзінше, Садақбаевтың әкесіне қол көтеруі тек қана бір отбасының емес, қоғамның жүрегіне жара салған. Сотталушының әкесі марқұм 70 жастағы Есіркеп Садақбаев бұған дейін өзге баласының үйінде тұрған. Өткен жылдың мамыр айында айыпталушы әкесін қолына алған. Әкесінің денсаулығы нашар болған, өзіне қарап, дәретке өз күшімен шыға алмаған. Ерекше күтімді қажет еткен. Оның дәрменсіз күйін көре тұра айыпталушы әкесін ұдайы ұрып-соққан. Сөйтіп тән азабымен бірге психикалық қысым көрсеткен. Тамыз айының өзінде 3 рет физикалық күш қолданып, аса қатыгездікпен денсаулығына зиян келтірген, қинаған.
«Сотталушы Алмас Садақбаевты Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігі 1-тармағымен кінәлі деп танып, 4 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды, одан бөлек Қылмыстық кодекстің 107-бабы 2-бөлігі 3-тармағымен кінәлі деп танып, 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды, онша қатаң емес жазаны неғұрлым қатаң жазаға толық қосу арқылы түпкілікті 6 ай 2 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраймын», – деді прокурор Алмас Әли.
«Бас көтеріп жүре алмай қалдық»
Жарыссөзде жәбірленушінің заңды өкілі әрі сотталушының інісі Батыр Садақбаев сөйледі. Ол әуелі не айтарын білмей бір сәт тұрып қалды. Кейін соттан әкесін қинаған ағасын жауапқа тартуды сұрады. Видео әлеуметтік желіде тарап кеткеннен соң, көшеде бас көтеріп жүре алмай қалғанын жеткізді. Сондықтан жазадан бөлек видеоны таратқандардан моралдық шығын өндіру керегін айтты.
«Әкеме неге қол көтергенімді білмеймін»
Ал сотталушы Алмас Садақбаев пен оның қорғаушысы жазаны жеңілдетуді өтінді. Садақбаев кінәсін толық мойындап, істеген ісіне өкінетінін айтты. Бауырларымен бірге көпшіліктен кешірім сұрады.
«Әкеме қол көтергенімді түсінбей қалдым. Басым істемей қалды. Бұған дейін әр жерде қаңғып жүрдім. Мешітте тұрдым. Үй алып едік. Оның өзі кредитте. Бұған дейін де үйленгенмін. Бірінші әйелімнен 3 балам бар. Оларға да алимент төлеймін. Шын өкінемін. Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан қалдым. Күнім күн болмай тұр. Қателестім. Ешкімнің басына салмасын мұндай күйді. 4 ай түрмеде отырып барлық кінәмді түсіндім. Ата-ананың, бауырларымның, бала-шағаның қадірін түсіндім. Әйелім жұмыссыз. Отбасымның жалғыз асыраушысымын. Бала-шағам аш отыр. Жазамды жеңілдетуді сұраймын», – деді ол.
Айта кетейік, айыпталушы 41 жастағы Алмас Садақбаевқа 70 жастағы мүгедек әкесін тірі кезінде ұрып-соғып, қинады деген айып тағылған. Дәрменсіз күйдегі әкесінің дәретке өздігінен шыға алмайтынына ашуланып, күш қолданған, соққының астына алған. Оның қатыгездікпен жасаған әрекетін көрші үйдің қыздары жасырын видеоға түсіріп алған. Қыркүйекте таяқтың астында қалған әкесі өмірден өткен. Тергеу амалдарына байланысты оның қабірі қайта қазылып, эксгумация жасалған.