Жаңалықтар

Ауру әкесін қинаған Садақбаев соттағы соңғы сөзінде көз жасына ерік берді

әкесін ұрып-соққан
Фото: Видеодан скрин

Түркістан облысы Жетісай аудандық сотында дімкәс әкесін қинаған 41 жастағы Алмас Садақбаевқа соңғы сөз берілді.

«Барша қазақ елінен кешірім сұраймын, кешіріңіздерші«, – деп бастады ол соңғы сөзін. Содан кейін жылап тұрып:

– Мойындаймын, кінәмды толық мойындаймын. Өкінемін, шын жүректен өкінемін. Пендемін ғой, қателестім. Барлық қатемді түсіндім. 4 айдан астам қамауда жатырмын. Жеңіл жаза беруіңізді өтінемін. Білмей қалдым. Ешкімнің басына салмасын. Бұлай қателеспесе, қылмысқа бармаса екен деп тілеймін, – деді.

Айыпталушы соттан жеңіл жаза беруді сұрады. Сонымен бірге қамауда отбасымен кездеспегенін, үкімге дейін балаларымен дидарласуға рұқсат етуін өтінді.

«Келіншегіммен, баламмен сөйлесіп алсам бола ма? Олар қайынжұртта, жағдайы не болып жатқанын білмей отырмын. Жаман өкінемін, істеген ісіме. Бас көтеріп жүре алмай қалдым. Жүруге де хақым жоқ. Ешкімнің ала жібін аттамаған едім. Қара бастым, аяқ астынан. Кешірім сұраймын», – деді айыпталушы дауыстап жылап.

Сот үкімі бүгін түстен кейін шығатыны хабарланды.

Айта кетейік, Алмас Садақбаев өткен жылдың тамыз айында 70 жастағы дімкәс әкесін ұрым-соғып, қинады деген айыппен сотқа тартылған. Кеше прокурор соттан оны кінәлі деп танып, 6 жыл 2 айға түрме жазасын беруді сұраған.