
«Челсидің» жаңа бас бапкері Лиам Розениордың келер маусымға арналған жоспарлары белгілі болды. Бұл туралы BBC хабарлайды.
Дереккөз мәліметінше, маманның алдағы уақыттағы басты міндеттерінің бірі, бірінші құрамнан шеттетілген Рахим Стерлинг пен Аксель Дисасидің клубтағы болашағына қатысты келіссөздер жүргізу. Аталған екі футболшы да трансферлік тізімде тұр және жазда мүмкін болған жалға беру нұсқаларынан бас тартқан.
Жазда ірі трансферлер күтіледі
Жазғы трансфер кезеңінде «Челси» тағы бірнеше маңызды ойыншыны қатарға қосуды жоспарлап отыр. Клуб үшін негізгі басымдық жоғары деңгейлі шабуылшы сатып алу. Лондондықтардың қызығушылық танытып отырған футболшыларының қатарында «Ювентустың» ойыншысы Кенан Йылдыз бен «Манчестер Юнайтедтің» жартылай қорғаушысы Кобби Майну бар.
Осы тұста BBC болашақ «Челси» ойыншысы ретінде алматылық «Қайраттың» және Қазақстан ұлттық құрамасының 17 жастағы шабуылшысы Дастан Сәтбаевты да атап өтті.
«Челсидің» келесі маусымға бекітілген құрамы
Дереккөздің жазуынша, «Челси» келер маусымға арналған ойыншылар тізімін алдын ала айқындап қойған. Оның қатарында:
- «Спортингтің» вингері Жеовани Кенда (құны — 40 млн фунт);
- «Страсбург» шабуылшысы Эмануэль Эмегха;
- «Қайрат» форварды Дастан Сәтбаев;
- «Коринтианс» клубының сол қаптал қорғаушысы Деннер Эванжелиста бар.
Сондай-ақ «Челси» жуырда «Индепендьенте дель Вальеден» қорғаушы Дейнер Ордоньестің трансферін рәсімдеді.
Сәтбаевтың трансфері
Еске сала кетейік, 2025 жылдың ақпан айында «Қайрат» клубы Дастан Сәтбаевтың «Челсиге» сатылғанын ресми түрде жариялаған. Қазақстандық шабуылшы тамыз айында, кәмелет жасына толған соң, лондондық командаға қосылады деп күтіліп отыр. Оған дейін «Қайрат» сапында өнер көрсетуді жалғастырады.
Статистика мен жетістіктер
Өткен маусымда Дастан Сәтбаев «Қайратпен» бірге Қазақстан чемпионы атанып, Чемпиондар лигасында гол соққан тұңғыш қазақ футболшысы атанды. 2025 жылғы маусымда клуб деңгейінде барлық турнирде 41 матч өткізіп, 19 гол соғып, 8 нәтижелі пас берген.