Жаңалықтар

АҚШ қысымы күшейсе, мұнай бағасы барреліне 80 долларға дейін қымбаттауы мүмкін

Мұнай бағасы неге құбылып тұр Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Сарапшылар АҚШ-тың Иран мен Венесуэлаға қатысты саяси қысымы күшейсе, мұнай бағасы барреліне 80 долларға дейін күрт өсуі мүмкін деген болжам жасайды. Қазір нарықтағы баға шамамен 65 доллар деңгейінде. Business Insider жазғандай, мұндай өсім әлемдік нарықта инфляцияны жеделдетіп әрі әлемдегі ірі орталық банктердің пайыздық мөлшерлемені төмендетуін баяулатуы ықтимал.

Дегенмен 15 қаңтар, бейсенбі күні Азия саудасында мұнай бағасы төмендеп, соңғы бес күндік өсім тоқтады. Бұған АҚШ президенті Дональд Трамптың Иранға қатысты ұстанымын жұмсартқаны әсер етті. Нәтижесінде мұнай жеткізіліміне қатысты қысқа мерзімді қауіптер азайды.

Наурыз айында жеткізілетін Brent маркалы мұнай фьючерстері 2,8%-ға арзандап, баррелі 64,67 долларға түсті. Ал WTI маркалы мұнай бағасы шамамен 3%-ға төмендеп, 60,22 доллар деңгейінде қалыптасты.

Оған дейін мұнай бағасы бес сауда сессиясында 10%-дан аса қымбаттап бірнеше айдағы ең жоғары көрсеткішке жеткен еді. Бұл өсім Ирандағы толқу АҚШ-тың әскери әрекетіне ұласып, мұнай өндіру немесе тасымалдау үдерісіне кедергі келтіруі мүмкін деген алаңдаушылықтан туындаған.

Трамптың Иранға қатысты мәлімдемесі нарықтағы ахуалды біршама тыныштандырды. Ол Иран билігінен наразылық білдірушілерге қарсы күш қолдануды тоқтататыны жөнінде уәде алғанын және жаппай жазалау жоспары жоқ екенін айтты. Осы сөздер Вашингтонның шұғыл әскери қадамға баруы мүмкін деген қауіптерді әлсіретті.

Соның нәтижесінде мұнай бағасына әсер етіп келген тәуекел үстемесі азайды. Себебі Иран – ОПЕК құрамындағы ірі мұнай өндіруші елдердің бірі, ал ондағы кез келген тұрақсыздық нарыққа тікелей ықпал етеді.

Әлемдік нарықтағы мұнай бағасына әсер ететін бір фактор – АҚШ пен Венесуэла арасындағы қарым-қатынастың жақсаруы мүмкін деген белгі. Дональд Трамп Венесуэланың уақытша басшысы Делси Родригеспен сөйлескенін айтып, әңгіме «оң сипатта өрбігенін» айтты. Тараптар мұнай, пайдалы қазба, сауда және ұлттық қауіпсіздік мәселелерін талқылаған.

Бұған дейін Вашингтон Венесуэланың мұнай саласына 100 млрд доллар инвестиция салуды көздеп отырғанын мәлімдеген.