
Ресейдегі металлургия комбинатының аумағынан екі қазақстандықтың денесі табылды. Қайғылы оқиға «Северсталь» компаниясына қарайтын Череповец металлургия комбинатының өндіріс аумағында болған. Бұл жайлы компанияның парақшасында хабарланды.
«14 қаңтарда ЧерМК (Череповец металлургия комбинаты) өнеркәсіптік алаңының аумағында мердігер ұйымдардың қызметкерлері, Қазақстан Республикасының екі азаматы, өлі табылды. Қазіргі уақытта өлім себебі анықталып жатыр, оқиға орнында арнайы қызметтер жұмыс істейді. Қызметкерлердің жақындары мен туыстарына қайғырып көңіл айтамыз», – деп жазылған компания хабарламасында.
Ресей Федерациясының Вологод облысының Тергеу комитетінің мәліметінше, шұғыл тергеу тобы да іске қосылған.
Kursiv.Media бұл оқиға бойынша ҚР СІМ-ге арнайы сауал жіберді.
Осыған дейін Таиландта Қазақстан азаматтары мінген катер теңізге батып кеткенін жазған едік. Оқыс оқиғадан бір адам қаза тауып, 21 адам жараланды.