
Футболдан Африка ұлттар кубогының финалында Сенегал мен Марокко құрамалары ойнайды. Құрлықтық біріншілік Мароккода өтіп жатыр.
Марокко финалға жолдама алды
Жартылай финалда Марокко құрамасы Нигериямен кездесіп, тартысты ойында жеңіске жетті. Негізгі және қосымша уақытта есеп ашылған жоқ – 0:0. Ал матчтан кейінгі пенальти сериясында марокколық футболшылар 4:2 есебімен басым түсті.
Осылайша Марокко құрамасы 2004 жылдан бері алғаш рет Африка Кубогының финалына шықты. Ол кезде марокколықтар шешуші ойында Туниске 1:2 есебімен жол берген еді. Ал Марокко ұлттық құрамасы соңғы рет бұл турнирде 1976 жылы чемпион атанған.
Сенегал – тұрақты фаворит
Финалда Мароккоға қарсылас болатын Сенегал құрамасы жартылай финалда Мохаммед Салах бастаған Мысыр құрамасын 1:0 есебімен жеңді. Сенегал соңғы төрт Африка Кубогының үшеуінде финалға дейін жеткен.
2019 жылы сенегалдықтар финалда Алжирге 0:1 есебімен ұтылса, 2022 жылы Мысырды 0:0 (пенальтиде 4:2) нәтижесімен жеңіп, чемпион атанды. Ал 2024 жылғы турнирде Сенегал 1/8 финалда чемпион болған Кот-д’Ивуарға 1:1 (пенальтиде 4:5) есебімен жол берді.
Футболдан Африка ұлттар кубогының финалы 19 қаңтарға қараған түні сағат 00:00 де өтеді. Ал 17 қаңтар күні сағат 21:00 де Мысыр мен Нигерия құрамалары үшінші орын үшін таласады.