Банк пен қаржы

Азаматтарға кредит беру екі есе төмендеді

кредит несие
фото: shutterstock

Былтыр азаматтарға тұтынушылық кредит беру көрсеткіші 2024 жылмен салыстырғанда екі есе төмендеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болған ҚНДРА басшысы Мәдина Әбілқасымова осындай мәліметті жеткізді. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (ҚНДРА) басшысы мемлекет басшысына 2025 жылдың нәтижелері мен алдағы кезеңге арналған міндеттер туралы есеп берді.

Әбілқасымованың айтуынша, халықтың шамадан тыс кредит алуын азайту мақсатында банктер мен микроқаржы ұйымдары 703 мың азаматтың қарызын реттеп, ішінара кешірді.

Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң қолданысқа енгелі бері банктер 56 мың адамның 209,7 млрд теңге берешегіне кешірім жасады.

Әбілқасымова Тоқаев Досаев
фото: Ақорда

Былтыр тұтынушылық кредиттер беру 2024 жылмен салыстырғанда екі есе төмендеген. Ал банктердің активтері 11%-ға өсіп, 68,3 трлн теңгеге дейін ұлғайды.

Агенттік 2025 жылы банктерді 49 рет, сақтандыру нарығына қатысушыларды – 47, бағалы қағаздар нарығын – 54, ал микроқаржыландыру субъектілері мен коллекторлық агенттіктерді 260 мәрте тексерген. Нәтижесінде 628 қадағалау шарасы қолданылып, жалпы сомасы 641,3 млн теңге айыппұл салынды.

Микроқаржыландыру және коллекторлық агенттіктер нарығындағы 58 субъект лицензиясынан айырылды. Оның ішінде 23-і мәжбүрлі түрде тоқтатылды, ал 9 субъектінің лицензиясы алынды.

Мемлекет басшысы қаржы тұрақтылығын қамтамасыз ету, экономиканың нақты секторын несиелеуді ұлғайту және қаржы қызметтерін тұтынушылардың құқықтарын қорғауды күшейту жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.