Жаңалықтар

Қазақстанда қанша шетелдік студент оқиды

Фото: shutterstock

Қазақстанда жоғары оқу орындарында білім алып жатқан шетелдік студенттер саны рекордтық деңгейге жетті. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2025-2026 оқу жылының басында елдегі ЖОО-ларда 33,5 мың шетелдік студент оқыған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 17,7%-ға көп.

Соңғы үш жылда шетелдік студенттер саны тұрақты өсіп келеді, 2022 жылдан бері жыл сайын 3–3,5 мың адамға артып отыр.

Түрікменстан, Үндістан, Өзбекстаннан келгендер көп

Шетелдік студенттердің басым бөлігі Азия елдерінен келген. Олардың шамамен үштен бірі Түрікменстан азаматтары. Бұл елден келген студенттер саны бір жылда 2,3 есе өсіп, 10,2 мыңнан асты. Екінші орында Үндістан (9 мыңнан астам студент),алғашқы үштікті Өзбекстан (4,1 мың студент) түйіндейді.

Шетелдік студенттер мемлекеттік грант есебінен білім алады

Жалпы Қазақстан жоғары оқу орындарында білім алып жатқан шетелдік студенттер 90 елден келген. Олардың қатарында АҚШ, Ұлыбритания, Жапония, Германия және БАӘ сияқты дамыған мемлекеттер де бар.

Әрбір алтыншы шетелдік студент Қазақстанда мемлекеттік грант есебінен білім алады. 2025-2026 оқу жылында мұндай студенттердің үлесі 17,5% болды. Бұл көрсеткіш соңғы жылдардағы ең жоғары деңгейге жақын.

Жалпы алғанда, мемлекеттік грантпен оқып жатқан шетелдік студенттер саны 5,8 мың адамды құрайды, бұл барлық грант иегерлерінің 2,2%-ы ғана. Гранттардың басым бөлігі, дәлірек айтқанда 97,8%, Қазақстан азаматтарына тиесілі.

Еуразиялық экономикалық комиссияның мәліметінше, Қазақстанда шетелдік студенттердің үлесі ЕАЭО елдері ішінде ең төмен шетелдік студент Қазақстанда мемлекеттік грант есебінен білім алады – 4,5%. Ал ең жоғары көрсеткіш Қырғызстанда тіркеліп отыр, онда 21,4%. Ресейде 2024 жылы шетелдік студенттердің үлесі 8,4% болды.

Қай елде шетелдік студенттер көп

Абсолюттік сандар бойынша шетелдік студенттер ең көп шоғырланған ел – Ресей (377,9 мың адам), ең аз көрсеткіш – Арменияда (4,7 мың). Сарапшылар Ресейдің көшбасшылығын ЖОО санының көптігімен және жоғары білім беру сапасымен байланыстырады. 2024-2025 оқу жылында бұл елде 3,2 мың университет жұмыс істесе, Қазақстанда олардың саны бар болғаны 113.

Шетелде қанша қазақстандық студент білім алады

Еуразиялық экономикалық комиссия деректеріне сәйкес, 2024 жылы ЕАЭО елдерінің университеттерінде 58,5 мың қазақстандық білім алған. Соңғы жылдары мұндай студенттер саны азайып келеді: 2019 жылдан бері көрсеткіш 11,2%-ға төмендеген.

Қазақстандықтар ең көп таңдаған ел – Ресей. Бұл елдің жоғары оқу орындарында 55,5 мың қазақстандық студент оқиды. Қырғызстанда –2,8 мың, Беларусьте – 176, ал Арменияда бар болғаны 24 адам білім алып жүр.

Еске салайық, 2025-2026 оқу жылында педагогика ғылымдары саласындағы бағдарламаларға әрбір төртінші талапкер немесе барлық оқуға тапсырғандардың 25,4% түсті. Ал инженерлік, өңдеу және құрылыс бағыттарын бірінші курс студенттерінің 16,3% таңдады.