Жаңалықтар

Дінмұхамед Қонаевтың қарындасы өмірден өтті

Роза Қонаева 91 жасында өмірден өтті/фото: shutterstock

Дінмұхамед Қонаевтың қарындасы Роза Қонаева 91 жасында өмірден өтті. Қаралы хабарды депутат Бақытжан Базарбек жеткізді.

«91 жасында Димаш Ахметұлы Қонаевтың туған қарындасы – ғылым докторы, профессор Роза Ахметқызы Қонаева дүниеден өтті. Ол кісі адамның көзіне қарап сөйлейтін. Бір нәрсе айтпас бұрын ойланып, әр адамға сөз таба білетін. Ылғи жымиып, ішкі жан дүниесіндегі күйзелісті сыртқа көрсетпейтін.

Роза Ахметқызы керемет отбасыда өмірге келді, бауырларының кенжесі еді. Бауырлары жайлы жақсы естеліктерін айтып отыратын», – деп жазды депутат Базарбек.

Роза Қонаева 1934 жылдың 10 сәуірінде Алматы облысы Шілік ауылында дүниеге келген.

1956 жылдан 2016 жылға дейін Қазақ КСР және Қазақстан Республикасының Ғылым академиясында еңбек етті.