
Ішкі істер министрлігі Шымкентте қайтыс болған Нұрай Серікбайдың ісін бақылауға алды.
Кісі өлтіру бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған, қазір тергеу жүріп жатыр. Сондай-ақ жергілікті полицияның дер кезінде әрекет етпегеніне қатысты тексеріс жүргізіледі.
«Шымкент қаласы полиция қызметкерлері тарапынан уақтылы шаралар қабылданбауы мүмкін деген пікірлер мен уәждер бойынша қызметтік тексеру тағайындалды», – делінген ақпаратта.
Қазір күдікті сот санкциясымен қамауға алынған.
«Ең тәжірибелі қызметкерлер қатарынан арнайы тергеу-жедел тобы құрылды. Қылмыстық іс аясында жүргізіліп жатқан тергеу әрекеттерінің нәтижелері бойынша күдіктінің барлық әрекетіне құқықтық баға беріледі», – деп хабарлады ІІМ.
Тергеу барысында бейнебақылау камераларынан алынған жазбалар тексеріліп, талданып жатыр.
Айта кетейік, 11 қаңтар кешке Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбайды танысы пышақтап өлтіріп, оқиға орнынан қашып кеткен. Күдікті араға екі күн салып ұсталды.
Қыздың туыстарының айтуынша, жігіт 2025 жылдың қазанында Нұрайды еркінен тыс алып қашқан. Оған қыз да, отбасы да көнбеген. Содан кейін отбасы полицияға арызданған, бірақ күдікті енді маңына жолмайтынына уәде берген соң, Нұрай Серікбай кешірім берген. Бірақ кейін қыр соңынан қалмай қойған. Марқұмның жақындары осыдан соң полиция мен прокурорға арызданғанын, алайда құзырлы органдар әрекетсіздік танытқанын айтқан.