Жаңалықтар

Қытай компаниясы Қазақстанда робот шығарады

қытай робот Қазақстан қытай роботтары
ЖИ көмегімен дайындалған сурет, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қытайдың UBTECH Robotics технология компаниясы Қазақстанда робот шығаруға көмектеседі. Бұл туралы Kursiv.Media Алматы әкімдігі таратқан мәліметке сүйене отырып хабарлайды.

Бектенов көрген ойыншықтар

Премьер-министрі Олжас Бектенов Алматыда «Алатау» инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағын аралады. Үкімет басшысы сол жерде NERO Group өнімдерімен де танысты. Әзірге көрмеге қойылған «роботтар» ойыншыққа көбірек ұқсайды.

NERO Group өнімдері робот ойыншық
Премьер Олжас Бектеновке көрсетілген ойыншықтар / фото: gov.kz

Миллиардтар тұратын қымбат жоба

Көрмедегі роботтар арзан көрінгенімен, NERO Group құрылтайшысы Ерлан Нәбиев жалпы құны шамамен 44,8 млрд теңге тұратын жобаны Бектеновке таныстырды. Компания «2025-2027 жылдарға арналған жоғары технологиялық өндірістерді локализациялау кешенін» ұсынып отыр.

«Бастама 650-ден астам жұмыс орнын ашуды, өндірістік алаңдарды 21 068 шаршы метрге дейін кеңейтуді және кабельдік өнімдер мен компоненттер өндірісін, газ есептеу құрылғыларын шығаруды кеңейтуді, сондай-ақ пилотсыз жүйелер мен робототехника шығаруды қоса алғанда, жаңа бағыттарды іске қосуды көздейді», – деп таратты Алматы әкімдігі.

Жоба инженер кадрларды даярлауды да көздейді.

Қытайлармен жасалған келісім

Бектеновке Smart Energy ғылыми-білім беру кластерінің жобасы таныстырылды. Оны әзірлеуге АЭжБУ мен ТКШ Қазорталығы қатысқан. Жоба білім беруді, ғылым мен өндірісті интеграциялауды, дуальды білім енгізуді және инженер мамандарды даярлауды көздейді.

Сонымен бірге, UBTECH Robotics қытай компаниясымен бірлесіп ЖИ базасында білім беру және сервистік роботтар өндірісін іске қосу жоспарланып отыр.

«Осы бағыт бойынша сұраныс қалыптасып, AI-зертханаларды енгізуге офтейк-келісімшарттар жасалды. Қуаты – жылына шамамен 25 мың жиынтық», – делінген әкімдік мәліметінде.

UBTECH Robotics – Қытайдың адамға ұқсас роботтар мен интеллект қызмет жүйесін дайындаумен айналысатын технология компаниясы. Ол 2026 жылы шамамен 10 мың роботты (Walker S2) саудаға шығаруды көздеп отыр.

UBTech Walker humanoid robots қытай робот
фото: shutterstock

Компания BYD, Geely, FAW-Volkswagen және Foxconn секілді автокомпаниялар өндірісіне де қатысады.