Жаңалықтар

Ирандағы халық көтерілісінен 5 мыңнан астам адам қаза тапты

силовики бронежилет
фото: shutterstock

18 қаңтарда Иранның бір шенеунігі елдегі нарызылық кезінде кем дегенде 5 мың адам қаза тапқанын айтты. Оның ішінде қауіпсіздік күштерінің шамамен 500 қызметкері мерт болған. Мәліметті Reuters жариялады.

Аты-жөні баспасөзде аталғанын қаламаған парсы шенеунігі қанды қақтығыстардың бірі Иранның солтүстік-батысында, күрділер көп тұратын ауданда болғанын мәлімдеді. Бұған қоса, шенеунік наразылыққа шыққандарды «содыр», «қарулы бүлікші» деп айыптаған. Дереккөз қаза болғандар саны күрт өспейтінін атап өткен.

Сонымен бірге шенеунік «Израиль мен шетелдің басқа да қарулы топтары» наразы топқа қолдау көрсетті деп мәлімдеген. Иран билігі халық наразылығының себебін үнемі сырттан іздейді, деп жазды Reuters.

Бұл уақытта бас кеңсесі АҚШ-та орналасқан HRANA адам құқықтарын қорғау ұйымы 3308 адам қаза тауып, тағы 4382 адамның ісі қаралып жатқанын хабарлады. Ұйым мұндай мәліметті бір күн бұрын, 17 қаңтарда таратты. Сонымен бірге HRANA 24 мыңнан астам адам ұсталғанын растады.

Ал бас кеңсесі Норвегияда орналасқан Hengaw ұйымы Иранның солтүстік-батысындағы қанды қақтығыс 2025 жылғы желтоқсанның аяғында болды деген мәлімет таратты.

Естеріңізге сала кетейік, ұлттық валютаның құнсызданғанына наразы халық былтыр 28 желтоқсанда көшеге шыққан. Наразылық тоталитарлы жүйеге қарсы көтеріліске ұласқан.