Жаңалықтар

Оқушы тәртібі мен қауіпсіздігін ЖИ камералары бақылайды

оқушы мұғалім мектеп компьютер сабақ
фото: gov.kz

Астана қаласында оқушылардың тәртібі мен қауіпсіздігін жасанды интеллект камералары қадағалайды. Бұл туралы Kursiv.Media елорда әкімдігінің мәліметіне сүйене отырып хабарлайды.

Астанадағы №107 мектепке орнатылған бейнебақылау камералары жасанды интеллект жүйесіне қосылған. Соның көмегімен мектеп басшылығы балалардың қауіпсіздігі мен тәртібін жіті назарда ұстайды.

2024 жылы қаланың Есіл ауданында орналасқан мектепте 847 оқушы бар. Білім ордасы толықтай цифрлық жүйеге көшкен.

оқушы мұғалім мектеп компьютер сабақ
фото: gov.kz

«Қыркүйек айынан бастап біз ЖИ негізіндегі мектеп моделін жүзеге асыра бастадық. Жоба аясында мектептің бейнекамераларына ЖИ мүмкіндіктері енгізілді. Ол үшін біз «Protector AI» компаниясымен келісімшарт жасастық. Нәтижесінде олар бізге жаңа құрылғылар орнатты», – деді мектеп директоры Айгүл Бейсенбина.

Оның айтуынша, ЖИ оқушылар агрессиясын бірден байқап қояды.

«Мәселен балаға өзге қатарласы күш көрсетсе, болмаса ол мектепте ереже бұзса, жасанды интеллект камералары бірден жазбаны мектеп директорына, яғни маған жолдайды. Кейін біз оқиғаға қатысты балалардың ата-аналарын мектепке шақыртып, түсіндіру жүргіземіз», – деді білім мекемесінің басшысы.

Жаңа мектептің бірінші қабатында кіреберісінде үлкен LED-экран орналасқан. Мұнда ЖИ негізінде істейтін гид мектепке келушілерге білім ордасы жайлы ақпарат береді.