
18 қаңтарда Алматы халқы Рәтбек қажы Нысанбайұлын ақтық сапарға шығарып салды. Аязды күнге қарамастан, Орталық мешітке адам көп жиналды.
Рәтбек қажы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының алғашқы төрағасы болып, бас мүфти қызметін он жыл атқарған.

Дін қайраткерінің жаназа намазын Рәтбек қажының шәкірті, қазіргі бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы оқып, қайғы жамылған әулетке сабыр тіледі.
«Рәтбек қажы хазірет – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ғана емес, халқымыздың үлкен ақсақалы еді. Зиярат етіп барғанымызда әркез халықтың, елдің тілеуін тілеп отыратын. Марқұмның тіршілігіндегі барша ізгі амалдарын Алла Тағала қабыл етсін!» – деді ол.

Азалы жиында мүфти президент Қасым-Жомарт Тоқаев жолдаған көңіл айту жеделхатын оқыды.
Жерлеу рәсіміне мемлекет қайраткерлері мен түрлі елдердің дін басшыларынан келген хаттары оқылып, марқұмның отбасына табысталды.
Ас соңында ҚМДБ басшысы елдегі діни мекемелерде 40 Құран хатым түсіріліп, марқұмның рухына бағышталып дұға жасалғанын жеткізді

Естеріңізге сала кетейік, 16 қаңтарда Қазақстанның тұңғыш мүфтиі Рәтбек қажы Нысанбайұлы 86 жасқа қараған шағында дүние салды.