Жаңалықтар

Жаркентте баласын байлап, аяусыз ұрған, тепкілеген ана жұртты шошытты (видео)

Жаркент зорлық зомбылық ана баласын ұрған
коллаж: Kursiv.Media

Жетісу облысы Жаркент қаласында өз баласын батареяға байлап, аясыз тепкілеп, ұрған, таяқтаған ананың әрекеті жұртты шошытты. Видеоны журналист Жанар Нұртазина Instagram әлеуметтік желісіне жариялады.

Ана баласын неге сабады

Желіні шулатқан видеодан байқағанымыз, шамамен 3-4 жастағы шағын пәтерді жылытатын темірге қара жіппен байланған. 30-35 жастағы әйел ешқайда қаша алмайтын, қарсылық көрсетуге шамасы жоқ баланы бірнеше минут бойы ұрған, балағаттаған.

Пәтерде жылаған, қатты таяқ жеген баладан басқа тағы да үш бала жүр. Зорлық-зомбылық оқиғасын біреу телефонға түсіріп отыр.

«Видеоны анау жылап жатқан баланың әкесі түсіріп жіберд. Ал соққылап жатқан сол балапанның анасы», – деп түсіндірді Нұртазина.

Араша сұрайды

Журналист отбасындағы зорлық-зомбылыққа дәлел болатын видеоны тиісті органдарға жібергенін айтты. Бұған қоса, ол Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиеваны да белгіледі.

«Отбасын тексеріп, балалардың жағдайын бақылауға алсаңыздар. Қажет болса, қосымша ақпарат бар», – деп өтінді ол.

Нұртазинаның Kursiv.Media-ға айтуынша, оған зәбір көрген баланың әкесі хабарласып, көмек сұраған.

Kursiv.Media Жаркент тұрғынына хабарласып, мән-жайды анықтауға тырысады. Төменде жариялаған видеода зорлық-зомбылық, былапыт сөздер көп екенін алдын ала ескертеміз.