
OpenAI компаниясы ChatGPT сервисінде жарнамалық хабарландыруларды сынақтан өткізуге кірісті. Бұл жайлы компания ресми түрде мәлімдеді.
Жарнамалар сервистің тегін нұсқасын пайдаланушыларға және Go тарифінің жазылушыларына көрсетіледі. Ал Plus, Pro, Business және Enterprise жоспарларын қолданушылар сервисті жарнамасыз пайдаланады.
Компанияның түсіндіруінше, жарнаманы енгізу ақылы жазылымға дайын емес пайдаланушылар үшін кейбір шектеулерді азайтуға мүмкіндік береді. Яғни жарнама арқылы табыс көбейгеннен кейін ЖИ-ді тегін пайдаланатын адамдарға көбірек функция ұсынбақшы.
Сынақтан өткізу АҚШ-тан басталып, кейін басқа елдерге таралады. Жарнамалар тек жүйеге тіркелген 18 жастан асқан пайдаланушыларға ChatGPT жауабының төменгі жағында көрсетіледі. Бірақ кәмелетке толмаған пайдаланушыларға, денсаулық, психикалық жағдай және саясатқа қатысты сұрақтардың жауабында жарнама көрсетілмейді.
Еске салайық, былтыр жыл соңында Open AI ChatGPT-дің 5.2 нұсқасын таныстырған. Компания деректеріне сәйкес, жаңа нұсқа 5.1-мен салыстырғанда екі есеге жуық жақсы нәтиже көрсетеді.