
2026 жылы Қазақстан экономикасының өсімі 4,4%-ды құрауы мүмкін. Мұндай болжамды Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) ұсынды. Қор 2026 жылға арналған экономикалық өсімге қатысты болжамын төмендетіп, қазан айындағы 4,8% көртсеткішті 4,4%-ға дейін төмендетті.
ХВҚ бағалауынша, 2025 жылы жоғары қарқынмен өскен экономика келесі жылы біршама баяулайды.
Қор деректеріне сәйкес, 2025 жылы Қазақстанның ЖІӨ-і 6,2% өскен. Бұл көрсеткіш қордың алдыңғы болжамынан жоғары. Ал Экономика министрлігінің мәліметі бойынша, 2025 жылғы нақты экономикалық өсім 6,5% құраған. Ресми мәлімет бойынша, былтыр экономикалық өсімге негізгі үлесті көлік, құрылыс және сауда салалары қосты.
2027 жылға арналған болжам өзгеріссіз қалды: қор Қазақстан экономикасы сол жылы 4,2% өседі деп есептейді.
Қазақстан экономикасының орта мерзімді дамуына қатысты басқа халықаралық ұйымдардың болжамы да ХВҚ болжамына жақын. Дүниежүзілік банк 2026 жылы ЖІӨ өсімін 4,5%, ал 2027 жылы 3,9% деңгейінде болжайды.