Банк пен қаржы

Ұлттық банк тағы бір коллекциялық монетаны сатылымға шығарады

Жаңа монета сатылымға шығады / Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстан Ұлттық Банкі «Қазақстанның жер қойнауы» сериясынан жаңа коллекциялық монетаны сатылымға шығарады. Монета «Zn (Мырыш)» деп аталады. Банк баспасөз қызметінің хабарлауынша, сатылым 20 қаңтарда басталады.

Жаңа монета 925 сынамалы күмістен соғылған, ішкі бөлігінде мырыш қондырмасы бар. Салмағы – 32,5 грамм, диаметрі 38,61 мм. Монета black-proof сапасында дайынлаған, яғни ерекше жылтыр және сапалы. Номиналы 1 000 теңге, ал жалпы таралымы – 2 000 дана.

Қайдан сатып алуға болады

Монетаны Ұлттық банктің ресми интернет-дүкені  –  kazcoins.nationalbank.kz
арқылы сатып алуға болады. Дүкенде күмістен соғылған OTYRAR, GRIFFIN, QAZAQ KÚRESI сынды монеталар 36-47 мың теңге аралығында сатылып жатыр. Аталмыш сайтқа тіркелген соң, қажет монетаны таңдап, ақысын төлеп, сатып алуға болады.

Ал 20 қаңтарда сатылымға шығатын коллекциялық монета мырыштың Қазақстан жер қойнағында алатын орнын атап көрсету үшін шығарылған және коллекционерлер үшін құнды зат болады.

Сонымен қатар, мұндай коллекциялық монеталар тек әшекей немесе естелік емес, инвестициялық құрал ретінде де қарастырылады. Мұны сатып алған адам уақыт өте келе олардың нарықтағы құнының өсуіне байланысты пайда көре алады.

Ұлттық Банк бұған дейін Конституцияның 30 жылдығына арнап монета шығарған.